Павлодар облысының әкімі дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аудандар мен қалаларда медицина мамандарына әлеуметтік пакеттер мен баспана ұсынуды тапсырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы аймақ басшысы облыстық әкімдікте өткен денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінде айтты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашевтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 324 медицина маманы жетіспейді. Биылғы жылы 22 резидентпен және интернатурада оқып жүрген 24 дәрігермен келісімшарт жасалған. Оқу орнын аяқтағаннан кейін олардың барлығы Ертіс өңіріне еңбек етуге келеді. Үш жақты келісімшарт негізінде медициналық ұйымдар барлық резиденттердің оқу ақысын төлейді. Бүгінде 23 резидент медициналық ұйымдарда жұмыс істеуде. Биылғы жылы 1-қарашада өңірге келген 118 түлек Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында жұмысқа орналасқан және 26 дәрігер аудандарға жіберілген.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар жоғары білімі бар тоғыз жас маманға ведомстволық баспана ұсынған. Облыс әкімі басқарма басшысынан төртінші және бесінші курстарда оқитын жастармен қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын және оларға ұсынылатын әлеуметтік пакеттер туралы сұрады.

«Сіздің тапсырмаңызға сәйкес 2018 жылғы бюджетте қосымша 100 маманды дайындауға гранттар қарастырылған, - дейді Ораз Мұқашев облыс әкіміне.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Ақтоғай, Железин, Успен, Шарбақты аудандарының орталық ауруханаларына еліміздің оңтүстік өңірінен бес маман келді. Бұдан басқа, Астана, Қарағанды және Семей қалаларында әртүрлі курстарда оқып жатқан 100 студентке көмек көрсетеміз. Қазіргі таңда басқармада әлеуметтік пакеттер жоқ, тек республикалық бюджет есебінен ғана қаржы қарастырылған»,-деді ол.

Баяндамашыны тыңдап шыққан Болат Бақауов медициниалық кадрлармен қамтамасыз ету бойынша аудан әкімдері орынбасарларының жұмысын сынға алды.

«Бүгінде аймақта 26 акушер-гинеколог, 23 жалпы тәжірибе дәрігері, 20 анестезиолог, 15 терапевт, 13 невропатолог жетіспейді. Бұл назар аударатын өзекті мәселе. Нағыз қажет мамандар. Кезінде 500 мың теңге көтермеақы ұсынатынбыз. Мәселен, Качир ауданында акушер-гинеколог жетіспейді. Бір немесе екі бөлмелі пәтерді босатыңыздар да мамандарға баспана ұсыныңыздар. Ынталандыру жолын қарастырыңыздар, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіңіздер. Аудан орталықтарында үйдің бағасы екі-үш миллион теңге тұрады емес пе? Тіпті, ауданда бір көше 10 миллион теңгеге жөнделмей қалса да, дәрігерлерді баспанамен қамтуға назар аударыңыздар».

Облыс әкімі өзінің орынбасары Мейрам Бегентаевқа бұл мәселе бойынша экономика басқармасымен бірге жүйелі жұмыс атқаруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар