Павлодар облысының әкімі Баянауыл ауданындағы су басу қаупі бар аймақтарды аралады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Баянауыл ауданына арнайы барып, осы өңірдегі су тасқынының қаупі бар жерлердің жағдайын тікұшақпен бақылап шықты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Аймақ басшысы Болат Бақауов Павлодар облысымен шектесіп жатқан қарағандылық «Ақжар» бөгетінің қазіргі ахуалына баға берді. Қараащы ауылында жүргізіліп жатқан су тасқынына қарсы іс-шаралармен де танысты. Бұдан кейін Ащысу өзені арқылы өтетін көпір мен былтырғы су тасқынынан кейін қалпына келтірілген жол учаскелерін қарап шықты. 2017 жылғы тасқынды кезең ескеріле отырып, биыл облыс бойынша жалпы тұрғындар саны 4619 болатын 57 елді мекен айрықша бақылауға алынған. Оған қоса, ұзындығы 4,951 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының 42 учаскесі, 0,1 шақырымдық теміржол бөлігі баса назарда тұр.

Бүгінгі күні «Қазгидромет» павлодарлық филиалының мәліметтеріне сүйенсек, облыс көлемінде әлі ерімеген қар жамылғысы қалыпты мөлшерден 10 пайызға және былтырғы қар деңгейінен 30 пайызға төмен. Қазіргі қар көлемі мен метеорологиялық болжам мәліметтеріне сүйенсек, аймақ аумағында қардың күрт еруі болмайды. Сондықтан еріген қар суының жаппай басу қаупі аз.

Соған қармастан аймақта қорғаныш үймелерін беріктеу жұмыстары да жүргізілді. Баянауыл ауданының Теңдік, Қараащы ауылдарында, Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл және Ленин кенттерінде, Ақсу қаласында жалпы ұзындығы 7,35 шақырым үйме нығайтылды. Тұрғындармен алдын алу сипатындағы шаралар жүргізілуде.

Облыстың қалалары мен аудандарында су тасқыны кезеңіне жоспарлы түрде дайындық жұмыстары өткізіліп жатыр. 470 мың текше метр қар шығарылды. Қажетті материалдардың қоры жасақталды. Атап өтсек, 227 тонна жанар-жағармай, 220,5 мың тонна инертті материалдар, 52,3 мың қап дайындалды. Автомобиль жолдарының шайылып кетуінің алдын алу үшін және автокөліктердің үзіліссіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында жол қызметтері наурыз айының соңына дейін су өткізетін 1310 құбырды тазарту және ашу жұмыстарын аяқтайтын болады.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жоюға облыста 1 070 млрд теңге (2017 жылы - 936,5 миллион теңге, 2016 жылы - 766,9 миллион теңге) ақшалай қаражат қарастырылған. Су тасқыны жағдайын жоюға арналған арнайы күш пен құралдар тобы белгіленді. Оған 600 техника, жүзу құралы мен 1827 адам жұмылдырылған. Аумағы Ертіс өзенінің жағасымен шектесіп жатқан қалалар мен аудандардың әкімдіктері «Востоквзрывпром» ЖШС-мен келісімшартқа отырған. Яғни, қажет болған жағдайда өзеннің мұзын жару қызметіне жүгіне алады. Ертіс өзеніндегі су тасқыны жағдайын болжау мақсатында Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысымен және Ресей Федерациясының Омбы облысымен осы су арнасындағы мұздың жүруі жайында ақпарат алу бойынша өзара әрекеттесуге уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар