Павлодар облысындағы Ақтоғай ауданында он ауыл шаруашылығы кооперативі құрылмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл ақтоғайлық шаруалар бірлесіп оннан астам ауыл шаруашылығы кооперативін құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

  Аудан әкімі Ағыбай Әміриннің айтуынша, былтыр екі ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның бірі - сүт, екіншісі - ет бағытында жұмыс істеуде. Биыл мұндай бірлестіктер санын оннан асыру жоспарланып отыр. Оған аудан кәсіпкерлерінің әлеуеті жетеді. Аграрлық алқаптар да оған дайын. Бірлесіп жұмыс істеуге құлшынып отырған шаруалар да баршылық. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. «Елбасы жүктеген тапсырмалардың бірі - суармалы алқаптың көлемін ұлғайту.Яғни, бес жыл ішінде суармалы егін алқабын 40 пайызға молайтып, Қазақстан бойынша 2 млн. шаршы метр алқапты осындай тәсілмен игеру керек деген тапсырма берді. Ақтоғай ауданында 2016 жылы суармалы шаруашылықтың көлемі 2400 гектар болған. Осы жылы оған тағы 500 гектар қосу көзделіп отыр. Қазіргі күні диқандармен осы бағытта жұмыс жүргізілуде», - дейді Ағыбай Әмірин.

  Ақтоғай ауданында былтыр құрылған екі ауыл шаруашылығы кооперативінің бірі - Әуелбек елді мекеніне орналасқан.  Ауылдың үш азаматы бірігіп «Әділет-Ақтоғай» деген кооператив құрып, сүт қабылдаумен айналысуда.   Ауыл тұрғындарынан күніне 300 литр сүт қабылдануда. Жазғы уақытта олар бір тоннаға жеткізуді көздеп отыр. «Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын қолдау қорынан жеңілдетілген несие алып, арнайы жеке ғимарат салуды және оншақты сүттің сиырын алуды жоспарлап отырмыз. Павлодар қаласындағы «Foodmaster» ЖШС-мен келісімшарт жасастық. Компанияның өкілдері үш күн сайын келіп, жиналған сүтті құйып алып кетеді. Сүт салқындатқыш ыдысты да сол компания арқылы жалға алып отырмыз. Жалпы, кооперативке бірлесіп жұмыс істеудің пайдасын мол екеніне көзіміз жетті. Бірімізде жоқты екінші мүшеміз толықтырып қояды. Бұған дейін тұрақты кәсіп жоқ болғандықтан, жұмыс іздеп қалаға шабылатын едік. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өзімізді өзіміз жұмыспен қамтып отырмыз», - дейді кооператив жетекшісі Қайрат Салықбаев.

Соңғы жаңалықтар