Павлодар облысында «Сакралды география» жобасына 75 нысан енгізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Павлодарда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында «Қасиетті Қазақстан» орталығының өкілдері мен жергілікті тарихшы-ғалымдар Қазақстанның қасиетті жерлер тізіміне кіретін сакралды орындарды талқылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz . 

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтың сөзінше, бұл Павлодарда өткен Ғылыми-сараптамалық кеңестің үшінші отырысы.

«Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған еліміздің сакралды географиясын анықтау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасын табады. Бүгінгі күнге дейін 75 нысан нақты енгізілді.  Осы анықталған 75-тен басқа тағы 20 орынды қосымша белгілеп қойдық. Оның қаншасы сол тізімге нақты енгізілетіні белгісіз. Ол бүгінгі отырыс барысында белгілі болады», - дейді Ардақ Райымбеков. Ғалымдардың шешімімен анықталған орындардың қатарында Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп кесенесі, Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесі, Кемпіртас және Қоңыр әулие сынды тарихи орындар бар. Ал, Шарбақты ауданынан Ғабдул Уахит хазірет кесенесі, Екібастұз қаласынан Исабек Ишан кесенесі сол тізімнің қатарында тұр. Тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталовтың сөзінше, республикалық деңгейде жасалып жатқан қасиетті орындар тізіміне біздің өңірден бес нысан кіргізілген. Бұл әлі де толығуы мүмкін. - Қазақстанның қасиетті жерлерін анықтау мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесе отырып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біз ең алдымен республикалық тізімге кіретін орындарды жолдаған болатынбыз. Оған біздің бес нысан кірген. Одан кейін облыстық деңгейдегі тізімді құрастырдық. Сонымен, Ғылыми-сараптамалық кеңестің екінші отырысы барысында облыстық деңгейдегі қасиетті жерлердің санын 75-ке жеткіздік.  Бұдан бөлек талас тудырған тағы 20-дай нысан тұр. Оны мамандармен ақылдаса отырып шешетін боламыз, - деді Қайрат Батталов.   

Соңғы жаңалықтар