Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» аясында 44 жоба әзірленуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Павлодар облысында жобалық кеңсе құрылды. Бүгінгі таңда аталмыш кеңседе 44 жоба әзірленуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық жобалар кеңсесінің әкімшісі Динара Айтжанованың айтуынша, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы екі жолмен жүзеге асады: біріншісі - мемлекеттік органдар, екіншісі жобалық офистерді ашу арқылы.

44 жоба төрт бөлімнен тұрады: «Ақпарат толқыны», «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім». Сонымен қатар, алты арнайы жоба бар: «100 жаңа есім», «Туған жер», «100 жаңа оқулық», «Латын әріптеріне көшу», «Жаһандық әлемдегі Қазақстан» және «Сакралды география».

«100 жаңа есім» жобасына тоқтала кетсек, мұнда қарапайым адамдардың ел мүддесі үшін жасаған игі істері баяндалады. Еl.kz сайтында өңірдің атынан 54 үміткер жарияланды. Мәселен, оның ішінде оқушыларды "КамАЗ" көлігімен соқтығысудан аман алып қалып, өз өмірлерін қатерге тіккен баянауылдық полицейлер, өрт кезінде төрт баланы құтқарған екібастұздық жігіттер бар. Жуырда республикалық БАҚ-тың бірінде Баянауыл ауданы Қаражар ауылында балалардың киімін тігетін Зура Жүсүпбаева туралы естідік. Ал, «Туған жер» бойынша айтсам, Ертіс ауданынан 110 шақырым жерде Құскөл ауылы бар. Жастарымыз сол аймақта наубайхана ашуды көздеп отыр, себебі, қыстың кезінде бұл ауылға нанды жеткізу қиынға соғады. Бүкіләлемдік банк бұл жобаны қолдады. Біз Инстаграм мен Фэйсбук парақшаларында Павлодар облысының киелі мекендері атты аккаунт аштық. Жастардың қызығушылығы мол екенін бірден байқадық. Жуық арада туристік маршрут құрылады. Тағы бір қызықты жоба - «Шабыт мекені» деп аталады. Яғни, ауылдық жерлерге сахналар орнатылады, қалаған адам ол жерге келіп жұрт алдында өнерін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, атқарылатын жұмыстар өте көп», - деді Динара Айтжанова.

Соңғы жаңалықтар