Павлодар облысында полицей екі тұрғынды өрттен алып шықты

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ақсу ІІБ полициясының учаскелік инспекторы Бұқара Тишханбай ауыл тұрғындарын от жалынынан құтқарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Түнде учаскелік инспектордың ұялы телефонына Ақсу әкімшілік аймағы Парамоновка ауылының тұрғыны қоңырау шалып, ауылда үйдің өртеніп жатқанын айтқан. Офицер тез арада өрт орнына келді. Есікті сындырып, жанып жатқан үйге кірген және еденде ес-түссіз жатқан екінші топ мүгедегін көрген. Полицей оны сыртқа алып шыққан және жедел жәрдем шақырған. Сол тұста ауыл тұрғындарынан үйде тағы бір адамның болуы мүмкін екенін естіген. Үстіне дымқыл жамылғы ілген Тышқанбай өртке оранған үйге екінші рет кірді. Қатты түтіннен айналаны көрудің өзі қиын еді, бірақ полицей бөлмелерді аралап, диванда ұйықтап жатқан ер адамды алып шықты.

Адамдарды өрттен құтқаруда қырағылық пен кәсібилік танытқаны үшін полиция капитаны Бұқара Тишханбай марапатқа ұсынылды, деп хабарлады ІІД.

Бұл полицей Павлодар облысы Ақсу қаласы округы Парамоновка ауылында қызмет етеді. Ол ішкі істер органдарында 2005 жылдан бері жұмыс істейді, бес жасар ұлы мен үш жасар қызы бар.

Соңғы жаңалықтар