Павлодар облысында асық ату үйірмелерінің саны 200-ге жуықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде биыл асық ату үйірмелерінің саны 179-ға жеткен. Былтырғы жылы мұндай үйірме саны 93 болған, деп хабарлайды pavlodarnews . 

«Жоба масштабты сипатты иеленіп, оқушылар мен ересектер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Оқушылар жаз кезінде асық жинап, аталмыш жобаны іске асыру  өңірдің жалпы білім беретін мектептерінде қолға алынды. Сонымен қатар, жобаны енгізуге мектепке дейінгі мекемелер де белсенді  қатысқан. Бүгінгі күні «Асық party» акциясы Павлодар қаласы, Качир, Лебяжі және Ақтоғай аудандарының балабақшаларында ұйымдастырылған. Мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері тәрбиеленушілердің ұлттық ойынға аса қызығушылық танытқандарын айтуда», - дейді облыстық білім беру басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы жөніндегі бөлімінің бас маманы Қуаныш Қыдыралин.

Бас маманның айтуынша, үйірмелердегі оқушылар саны 1950-ден  3477-ге дейін артқан.  Ағымдағы жылы алғаш рет «Асық ату» ойыны бойынша облыстық жарыстар ұйымдастырылып, желтоқсанның бірінші он күндігінде барлық білім беру ұйымдарында мектепттік турнирлер, жаттықтырушы мұғалімдер үшін спорттың аталған түрін оқыту және шеберліктерін арттыру бойынша семинар-практикум  өтті. Жеке және командалық есепте жеңімпаздар анықталды.

Жобаның  мақсаты «Асық ату» мектеп лигасын ұйымдастыру, спорттың аталған түрін 2020 жылы оқушылардың облыстық спартакиадасының бағдарламасына енгізу болып табылады.

Соңғы жаңалықтар