Павлодар облысында 1200-ге жуық жетім бала отбасын тапқан

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында соңғы үш жылдың ішінде 1172 жетім бала патронаттық тәрбие жүйесі арқылы отбасылардың қамқорлығына берілген.

Бұл туралы бүгін «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде өткен жетім балаларға арналған білім беру ұйымдары басшыларының республикалық кеңесінде білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 «Біздің өңірде ата-анасының қамқорлығынсын қалған балаларды қамқорлыққа алу бойынша тәуір жұмыс жүргізілуде. Балалар үйінде жақсы тәжірибе қалыптасқан. Өйткені, балалардың отбасылық тәрбиеге өтуі аса маңызды», - деді облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев.

 Облыстық білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейтованың айтуынша, 2017 жылдың қаңтар айынан бастап жетім балаларды қамқорлығына алған отбасының анасымен қатар, әкесіне де еңбекақы беріледі. Бұған дейін балаларды патронаттық тәрбиеге алған үйдің отанасына ғана жәрдемақы төленіп келген. Сонымен қатар, балаларды өз қамқорлығына алғысы келген ата-аналарға қойылатын талаптар да жеңілдемек. «2010 жылдан бастап жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 810 бала контингентімен 19 ұйым жұмыс істесе, 2016 жылы 14 мекемеде 484 бала қалған. Азаматтардың отбасына жеткіншектерді қамқорлыққа берудің нәтижесінде осы бағытта жұмыс істейтін ұйымдар саны қысқарды. Азаматтардың отбасына берілген 1172 баланың 802-сі қорғаншылыққа, 95-і патронаттық тәрбиеге берілсе, 275 баланы түбегейлі асырап алды. Биылғы жылдың өзінде 259 бала отбасылық тәрбиеге өткізілді», - деді Бақыт Бексейітова.

Айта кетерлігі, жиын соңында облыстық білім беру басқармасының басшысы республикалық кеңес мүшелеріне екі немесе одан да көп баланы қамқорлығына алған отбасыларға қосымша еңбекақы төлеу жөнінде ұсыныс білдірді. 

Соңғы жаңалықтар