Парижде 65 млн еуроға пәтер алған қазақстандық іздестірілуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы министрлігі Парижден 65 млн еуроға пәтер сатыр алған қазақстандықты іздестіріп жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Франциядағы әріптестерімізге сауал жолдадық. Сауалда пәтерді қай елдің азаматы қанша ақшаға сатып алғанын сұрадық. Бізге берілетін деректер негізінде оны (жауапкершілікке - ред.) тарту бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. Бәлкім өз декларациясын көрсеткен де шығар. Мыңдаған қазақстандықтың шетелде өте үлкен сомада қаражаты бар, бірақ олар бұл соманы ресми жариялаған», - деді Теңгебаев.

Комитет төрағасының айтуынша, халықаралық сауал елшілік пен сыртқы істер министрліктері арқылы жолданады және біршама уақытты талап етеді. Теңгебаев мәліметті алған сәтте журналистерге хабарлауға уәде берді.

Бұған дейін қазақстандық БАҚ Қазақстан азаматының Парижде аумағы 1200 шаршы метр болатын пәтерді 65 млн еуроға сатып алғанын хабарлаған еді. Пәтер иесінің аты-жөні әлі күнге дейін белгісіз.

Соңғы жаңалықтар