Парадқа дайындық: «Мен Қазақпын» деп шырқаған əскерилер жұртты сүйсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде «Мен Қазақпын» әнін шырқаған əскери қызметшілердің айбынды видеосы көпшіліктің көңілінен шығып, қолданушылар видеожазбаны белсенді түрде бөлісуде. Видео Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасының аумағында жауынгерлік парадқа дайындық кезінде түсірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видеода Қазақстанның көк Туын желбіреткен жүздеген сарбаздың бір кісідей «Мен Қазақпын» әнін шырқап тұрғанын көруге болады. Жауынгерлер рухты әнді әскери оркестрдің сүйемелдеуімен орындаған. Жазба барысында ұйымдастырушылардың дауыстап белгі берген пәрмені естіледі. Шағын видеожазбадан әскери парадқа қызу дайындық жүргізіліп жатқанын аңғаруға болады.

«Мына ән қандай жарасымды... Армияның айбынын қару ғана емес, рух асырады», - деп жазба қалдырған әлеуметтік желі қолданушыларының бірі.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанның Қарулы Күштерінде Әскери парадқа дайындық басталып кеткенін хабарлаған еді. Әскери бөлімдер Отан қорғаушылар күнін мерекелеу қарсаңында «Мәтібұлақ» полигонында ҚР Қарулы күштерінің жабдықталған қазіргі заманғы қару-жарақтары мен әскери техникасын тактикалық және практикалық қолданылуы барысында өз шеберліктерін көрсетпек.

Белгілі болып отырғандай, «Отардағы» жауынгерлік парадқа 3 мыңнан астам сарбаз қатысады.

«Әскери парадқа қатысушылардың басым бөлігін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының  әскери қызметшілері қамтып отыр. Жалпы бұл атаулы шараға үш мыңнан астам сарбаз, 300-ден астам қарулану әрі әскери техникасы, 30-ға жуық авиация техникасы қатысады», - деп атап өтілген хабарламада.

Аталған парадқа қатысу кең ауқымды оқу-жаттығуды өткізумен тең. Бөлімшелер тәжірибелік жаттығу кезінде өзара іс-қимылды егжей-тегжейлі пысықталуы тиіс. Ал офицерлер парад кезеңдерін жоспарлау мен бөлімшелерді басқару барысында әскери өнерді жоғары деңгейде көрсетуі қажет.

Қазақстан тарихында алғашқы жауынгерлік парад 5 жыл бұрын, яғни 2013 жылы Отан қорғаушылар  күнінде ұйымдастырылды. Жауынгерлік парад Қарулы Күштердің негізгі қарулануының мүмкіндіктерін көрсетуге арналған.

Соңғы жаңалықтар