Пара алып сотталған Ерлан Біләл актер болып жұмыс істей бермек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ерлан Біләл театрдың актерлер құрамында жұмысын жалғастыра бермек. Бұл туралы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жаңа басшысы Асхат Маемиров айтты, деп хабарлайды Алматы арнасы. 

Бұған дейін ҚазАқпарат аталған театрға жаңа директор тағайындалғандығы туралы хабарлаған болатын. 

Асхат Маемиров жаңа қызметке тағайындау туралы бұйрық шыққаннан кейін, ұлы тұлғалардың басына барып зиярат еткенін де жасырмады. Ал өнерде әріптес, өмірде досы театрдың бұрынғы  басшысы Ерлан Біләлдің қара шаңырақтың сахнасындағы жұмысын жалғастыра беретіндігін баса айтты. Өйткені, Ерлан Біләлден басқа актер сомдай алмайтын оның өзіндік  рөлдері бар.

«Ерлан осы театрдағы негізгі репертуарларды басты кейіпкерлерді сомдайды. Ол Мұхтар Әуезовтың «Абай жолындағы» Абай, оны Ерланнан басқа ешкім ойнай алмайды. Ол Дулат Исабековтың «Жау жүрегіндегі» Балуан Шолақ, Исраил Сапарбаевтың «Сыған серенадасындағы» Шәмші бейнесі, Әкім Таразидың «Ақын періште махаббаттағы» Мұқағали бейнесі. Ерланның бірінші Алла Тағала берген таланты, артистизм, кәсіби шеберлігі, нағыз өнердегі тұлға. Сондықтан тұлға театрдан бөлініп ешқайда кетпейді», - деді  Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры.

Еске сала кетейік, Алматыда М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының  бұрынғы директоры, белгілі актер Ерлан Біләл 1,5 млн теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын. 

Сондай-ақ, Ерлан Біләлға қатысты сот үкімі шықты. 

Соңғы жаңалықтар