Пара алды деген павлодарлық шенеунік 2 айға қамалды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаевтың ісіне қатысты сотқа дейінгі процесінің бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Ораз Дүзденбаев ірі көлемді пара алды деген күдікпен ұсталып отыр», - деп хабарлады Павлодар облысы сотының баспасөз қызметі.

№2 соты Ораз Дүзденбаевты екі айға, яғни 2018 жылдың 16 қаңтарына дейін қамауға алу туралы үкім шығарды.

Айта кетейік, Ораз Дүзденбаев ұсталған болатын, ал кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы шенеуніктің ұсталғанын растады .

Кейбір мәліметтерге қарағанда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 48 жастағы басшысы Ораз Дүзденбаев мемлекеттен субсидия алып отырған шаруалардан мейрамханадағы кәсіби мереке құрметіне  арналған салтанатты кешке төлеу үшін ақша жинаған. 

 Павлодар облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов жұма күні өткен Қазақстан ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында қоластындағы қызметкерінің не үшін ақша жинағанынан бейхабар екенін мәлім етті.

«Мен әзірге еш нәрсе білмеймін. Мәселені ұлттық бюро (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы - ред.) тексереді. Шешімді солар қабылдайды», - деді Б.Қасенов. 

Соңғы жаңалықтар