Пациентті заңсыз тіркеген жекеменшік емхананың басшысы сөгіс алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жекеменшік емхананың басшысына  сөгіс жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматыдағы бөлімшесінің баспасөз қызметі хабарлағандай, емхана ұжымы пациентті заңсыз тіркеген.

Бұдан бірнеше апта бұрын қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Дәурен Бабамұратов Фейсбукте осы келеңсіз жағдай туралы жазған болатын.

Д.Бабамұратов  өзі тіркелген медициналық мекемесіне барған кезде дерекқорында жоқ болып шыққан. Кейін ол өзінің шаш емдейтін жекеменшік клиникаға тіркелгенін білген.

«Бабамұратовтың арызынан соң «AMD» емханасында ішкі қызметтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде бұл емханада тіркеуге алу туралы өтініш жазылмағаны анықталған. Осыған байланысты «AMD» емханасы ЖШС директоры Төлеубаеваға сөгіс жарияланды», - деді қордың Алматыдағы бөлімшесінің баспасөз қызметі.

Қор мамандары осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында тіркеу жүйесін жетілдіре түспек.

Болашақта қазақстандықтар емханаларға ХҚКО арқылы тіркеле алатын болады. Сонымен қатар, бұл қызметтер egov.kz  арқылы да қолжетімді болмақ.

Соңғы жаңалықтар