Өзбекстанда жаңа «ақылды» қала салынады

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкент облыстық прокуратурасының сайтында өңірдің жаңа әкімшілік орталығы - Нурафшон қаласының жобасы жарияланды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Нурафшон Өзбекстандағы алғашқы «ақылды» қала болмақ. Онда әкімшілік ғимараттар, заманауи әрі жайлы тұрғын үйлер, бизнес орталық, қонақүйлер, спорт кешені, жастар шығармашылығы орталығы, кітапханалар, мектептер, көпбейінді аурухана бой көтереді. Сондай-ақ, бақтар, саябақтар, алаңдар, жаяу жүргіншілер мен велосипедке арналған аллеялар да салу көзделген, тиімді қоғамдық көлік жүйесін енгізу жоспарлануда.

Қаланың орталығынан өтетін жасанды арна қазылады, оның жағасында жағалаулар салынып, тамақтану орындары,  дүкендер, тағы да басқа нысандар ашылады. Нурафшонды Өзбекстанның астанасымен жоғары жылдамдықпен жүруге арналған автожол байланыстыратын болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ташкент облысының әкімшілік орталығы болмаған-тын. 25 тамызда өткен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Сенатының 11-жалпы отырысында Ташкент облысының Тойтөбе қаласының атын Нурафшон деп өзгерту туралы  қаулы қабылдады. Содан бір күн бұрын сенаторлар қаланы облысқа бағынатын қалалар санатына енгізу және Ташкент облысының әкімшілік орталығы деп белгілеу туралы шешімді мақұлдаған еді.

Соңғы жаңалықтар