Өзбекстанда Оңтүстік Қазақстанның фармацевтика өнімдерінің сауда үйі ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында өткен қазақ-өзбек бизнес форумына Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің бастауымен 20-дан астам кәсіпкер қатысты. Екі жақтың арасындағы сауда-саттық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған аталмыш форумда В2В форматында келіссөздер жүргізіліп, онда оңтүстікқазақстандық делегаттар фармацевтика өнімдері нарығының өрісін кеңейтуге қол жеткізді, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Яғни, бизнес өкілдерінің басы біріккен жиында «Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Б.Нұрмашев пен өзбекстандық «Узфармсаноат» мемлекеттік акционерлік концернінің басқарма төрағасы М.Дусмуратов кәсіпорындар арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Нәтижесінде, Ташкент пен Шымкент қаласында екі елдің фармацевтика компанияларының өнімдері сатылатын сауда үйі ашылмақ. Яғни, Өзбекстанда ашылатын сауда үйінде ОҚО фармацевтика компанияларының өнімдері сатылса, Шымкент қаласында ашылатын сауда үйінде өзбекстандық өнімдер саудаланады.

Айта кетейік, республикадағы өндіріліп жатқан фармацевтикалық препараттардың жартысына жуығы оңтүстік өңірдің үлесінде. Елімізде фармацевтика кластері дамыған бірден-бір өңір - Оңтүстік Қазақстан екені анық.

Естеріңізге салсақ, өткен аптада Өзбекстан Республикасының Президенті Шавхат Мирзиеевтың Қазақстанға мемлекеттік сапары шеңберінде Астанада қазақ-өзбек бизнес форумы өткен болатын.

Оған екі елдің 500-ге тарта кәсіпкері мен ұлттық компания және мемлекеттік ұйым өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар