Өзбекстанда Наурызды қалай тойлайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына ақпараттық әріптесіміз - Өзбекстан ұлттық ақпарат агенттігі - ӨзА-ның Наурыз туралы материалын ұсынады.

Мыңдаған ғасырлық тарихы бар мейрамды ата-бабаларымыз шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жылдың басы, адамның табиғатпен үндестігі, тұрмыс-тіршіліктің бастауы ретінде тойлап келген. Біз үшін Наурыз - көктемнің келуі мен жаңа өмірдің, табиғаттың оянуы берекенің бейнесіне айналған мейрам әрі көпғасырлық ұлттық құндылықтарымыздың, салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың символы. Ежелден біздің ата-бабаларымыз көктемнің жылы күні шуағын төгісімен жер жыртып, егін салуға кіріскен, жасыл кілемге оранған кең далада ойын-сауық құрып, Наурыздың мерекелік шараларын өткізген.

Әбу Райхан Берунидің «Ежелгі халықтардың ескерткіштері» трактатында, Әбілқасым Фирдаусидің «Шахнама» дастанында, Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ит-турк» сөздігінде, Әбу Бәкір әл-Наршахидің «Бұхара тарихында», Омар Һәйямның «Наурызнамасында», Әлішер Науаидың «Тарих-и мулк-и Ажам» еңбегінде және басқа да ежелгі дереккөздерде Наурыздың тарихы, оның өзіне тән дәстүрлері мен ғұрыптары туралы құнды деректер берілген. Бұл Наурыздың бабалардан қалған баға жетпес мұра екенін айғақтайды.

Ұлы ақын Әлішер Науаидың «Әр түнің Қадыр болып, әр күнің Наурыз болсын!» деген жыр жолдары да Наурыздың халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек. Наурыз күндері адамдардар ренішін ұмытады, өкпелі боп жүргендер жарасады, қайырымдылық, мейірімділік, қолы ашықтық, кеңпейілділік секілді ізгі адамгершілік қасиеттер қанат жая түседі.

2016 жылы БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы - ЮНЕСКО тарапынан Наурыздың адамзаттың материалдық емес мәдени сұрасы тізіміне енгізілуі тегін емес. Өйткені Наурыздың философиясы әлемді бейбітшілікке, сүйіспеншілік пен келісімге шақырады. Наурызда адам баласы өзінің табиғаттың бір бөлігі екенін терең түсіне бастайды, қолдағы барын айналасындағылармен бөліседі. Мереке күндері адамдар сырқат, жалғызбасты, егде жастағы адамдардың жағдайын сұрап, оларға қамқорлық және құрмет көрсетеді, мұқтаж жандарға қол ұшын созады.

Өзбекстан халқы Наурызды қарсы алуға ерекше дайындалады. Ел тәуелсіздігі жарияланар алдында, 1991 жылғы 12 ақпанда Бірінші Президент Ислам Каримов «Республикада Наурых халық мейрамына дайындалу және оны өткізу туралы» тарихи мәні бар жарлыққа қол қойды. Бұл біздің халқымыздың төл ұлттық және мәдени дәстүрлерін жалғастыру арманының орындалғанын білдіретін еді.

Наурыз қарсаңында жалпыхалықтық асар өткізіліп, бүкіл республикада абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі, көшелер, қасиетті орындар тазаланып, ағаштар мен гүлдер отырғызылады. Осынау игі істерді еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері жұмыла атқарып, өздерінің ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдениетін, өнерін көрсетеді.

Наурызда күрес, көкпар, арқан тарту, жебе ату секілді ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылады. Ерте кезде халықтың күнделікті өмірінің бір бөлігі ретінде ұлттық ойындар жас ұрпақты ақыл-ой және дене жағынан дамытуға, отансүйгіштік тәрбие беруде үлкен мәнге ие болған.

Ұлттық спорт түрлерінің ішінде күрес халық арасында ерекше сыйға ие болды. Дәстүрге орай күрес додасын ақсақалдар бастап берген. Қарт күрескерлердің ізін ала нағыз ел қорғайтын азаматтар, сом білекті балуандар кілемге шыққан. Наурыздың тағы бір ерекшелігі, бір ауылда күрес не көкпар болып жатса, оған көрші ауылдардың балуандары немесе шабандоздары да ағылып келе береді.

Мереке күндері барша ауылда сумалак, хәлім, көк самса, көже секілді кісі бойына қуат беретін Наурыздың төл ұлттық тағамдары әзірленеді. Адамдар көрші-қолаң, ағайын-туысымен қатар сапарлап келе жатқан жолаушыларды да мол дастарханға шақырып, тәтті тағамдарды тарту еткен.

Бір айта кетерлігі, Наурыз Өзбекстанның әр өңірінде түрліше тойланады. Қалалар мен аудан орталықтарында халық ойындары, мәдени шаралар, концерттер ұйымдастырылса, ауылдық жерлерде халық ойындары, егіншілік пен мал шаруашылығына байланысты салт-дәстүрлер өткізіледі. Бірақ қай жерде болмасын, Наурыз халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтып, береке мен молшылықтың символы ретінде тойланады.

Соңғы жаңалықтар