Өзбекстанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні тойланды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі ұлттық академиялық драма театрында салтанатты шара және концерт ұйымдастырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Салтанатты шараға ӨР үкіметінің өкілдері, мемлекеттік мекемелерінің басшылары, сондай-ақ дипломатиялық корпустардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев 2017 жылдың Өзбекстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бергендігімен есте қалатынын айтты.

«Биыл Өзбекстан Қазақстан Республикасы сыртқы саясатында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген вектор болып отыр. Екі мемлекеттік сапар саяси, экономикалық және мәдени өміріміздің барлық бағыттарына қарқын берді», - деді ҚР елшісі.

Сондай-ақ Ерік Өтембаев Өзбекстан, Түрікменстан және Қазақстан арасында түйісу нүктесіне қол қойылып, біздің ел көрші елдермен арадағы шекараны делимитациялау және демаркациялау мәселесінде жақсы үлгі көрсеткенін тілге тиек етті. Бұдан тыс, Қазақстан мен Өзбекстан шекарадан өту жөніндегі жаңа процедураларға қатысты мәселелерді талқылап, алдағы уақытта тауар айналымын арттыруға, екі елдің туризм әлеуеттерін көтеруге жағдай жасайтын жол картасын қабылдады.

Шара соңында Қазақстан елордасының фотосуреттері көрмесі, сондай-ақ «Тұмар» және «Қазына» фольклор-би ансамбльдерінің қатысуымен концерт ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар