Өзбекстан жерасты байлығы бойынша әлемдегі ондыққа кіреді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық геологтар Өзбекстандағы жерасты қазба байлықтарына барлау жұмыстарын бірлесіп жүргізуге дайын. Бұл туралы Ташкентте өткен «Узгеоинвест-2017» халықаралық конференциясында айтылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Оныншы рет ұйымдастырылып отырған шараға әлемнің түкпір-түкпірінен геологиялық барлау компанияларының өкілдері қатысты. Өйткені шетелдік инвесторларға барлық сала бойынша алғаш рет осындай мүмкіндік беріліп отыр.

Өзбекстанда жалпы 1931 кен орны анықталған. Оның басым бөлігі тәуелсіздік жылдары табылды. Негізі онтүстіктегі көршіміз жерасты пайдалы қазба байлығы жөнінен әлемдегі ондыққа енеді. Жергілікті үкіметтің шешіміне сәйкес форумда шетелдік инвесторларға 29 кен орны мен қатты пайдалы қазбалары бар деп болжанған 111 жоба ұсынылады.

Атап айтар болсақ, тізімде бағалы заттардан алтын мен күміс, мыс пен қорғасын және мырыш, сондай-ақ сирек кездесетін металдар мен уран және тағы басқа тау-кен қазбалары бар. Өзбекстанның жерасты қазба байлығын игеру мен инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған халықаралық форумда шетелдік геологиялық компанияларға мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктер мен құжат толтыру рәсімі түсіндірілді.

«Біз негізінен сервистік қызмет көрсететін компаниямыз. Барлық қызмет түрін жасаймыз. Сондықтан Өзбекстан нарығына қадам басуға дайынбыз. Атап айтқанда заманауи технологияны ендіру, бұрғылау жұмыстарын жүргізуге толық мүмкіндігіміз бар. Мұнда геологиялық барлау жұмыстары қаншалықты деңгейде жүргізілді, жерасты қазба байлығының қоры қанша жылға жетеді, ол туралы барлау жұмыстары қашан жүргізілген, жалпы геологияға көңіл қаншалықты бөлінген соны нақтылауымыз қажет. Алдағы 5 жылға жасаған жоспарлары қандай соны білуіміз керек. Сондықтан жұмыс өте көп болады деп ойлаймын», - деді геологиялық барлау компаниясының бас директоры Қайсар Қожамұратов.

Соңғы жаңалықтар