Өзбекстан үшін қазақ тілінің латын графикасына көшкені маңызды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі Қазақстан үшін де, Өзбекстан үшін де маңызды болмақ. Бұл туралы Өзбекстан ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

«Латын графикасындағы әліпби әрдайым Орталық Азияда қолданылып келеді және негізгі болып саналған. Өзбекстан латын графикасын ширек ғасыр бой қолданып келеді, сондықтан белгілі бір деңгейде тәжірибе жинақтады. Бұл үдерістің оңай емес екендігін барлығымыз түсінеміз және оны қолданысқа енгізу үшін біраз уақыт керек. Алайда, латын графикасындағы алфавит Қазақстан мен Өзбекстан үшін өте маңызды, себебі біздің тарихымызды онсыз елестету мүмкін емес. Себебі, осы латын графикасымен өз уақытында көптеген кітаптар жазылып, архивтік құжаттар толтырылған», - деп атап өтті Бахром Абдухалимов Өзбекстандағы ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі Ерік Өтембаевпен кездесу барысында.

Ғалымның айтуынша, Өзбекстанда жаңа өзбек әліпбиін қолданып жүрген жас ұрпақ өскен және сәйкесінше, ӨР ғылым академиясы қазақстандық әріптестерімен латын графикасына өту бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісуге дайын.

«Бізде латын графикасына ауысу процесі толықтай аяқталған жоқ, алайда қазақстандық сарапшылармен тәжірибе алмасуға дайынбыз», - деп түйіндеді ол. 

Соңғы жаңалықтар