Өзбекстан Президенті Ресейден мұнай тасымалдауға қолдау көрсеткені үшін Елбасына алғыс айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Өзбекстан Президентінің Қазақстанға жұмыс сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Кездесуде өзбек көшбасшысының Қазақстанға биылғы наурыз айындағы мемлекеттік сапары барысында екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы өткен кездесуден бері екі ел арасындағы іскерлік белсенділік артып отырғаны байқалатынын атап өтті.
- Биылғы бірінші тоқсанда экономиканың түрлі саласындағы іскерлік өзара қарым-қатынастың деңгейі артты. Осы орайда, көлік-логистика саласын, автоөнеркәсіпті, сондай-ақ кең ауқымды мәселелерге қатысты өңірлік ынтымақтастықты атап өтуге болады. 2017 жылғы алғашқы үш айда тауар айналымы 37%-ға өсті, - деді Қазақстан Президенті.
Ш.Мирзиёев тығыз екіжақты кездесулер мемлекетаралық қарым-қатынастың тиімділігіне тікелей ықпал етіп отырғанына назар аударды.
- Биылғы наурыз айындағы сапардан соң біз бірлескен жұмыстардың барлық бағыты бойынша жол картасын қабылдадық. Министрлер, өңірлер басшылары деңгейіндегі кездесулер жиіледі, - деді өзбек көшбасшысы.
Өзбекстан Президенті Ресей Федерациясынан мұнай тасымалдау мәселесіне байланысты қолдау көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Соңында екі ел басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың оң қарқыны сақталып, одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар