Өзбекәлі Жәнібековке алғыс айтар едім - Николай Зайцев

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы алғашқы этноауылдың негізін қалаушылардың бірі, Өскемен қаласының құрметті азаматы, еңбегі сіңген мәдени қызметкер Николай Зайцев қазақ халқына алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қиын-қыстау заманда Қазақстан көптеген халықтың отанына айналды. Қазір де мұнда әр ұлт емін-еркін өмір сүріп жатыр.  Құдай осы берекемізден айырмасын. Мен жалпы адамдарды ұлтқа бөлмеймін. Бірақ қазақтар жайлы мынаны айтқым келеді. Маңайымыздағы Украина, Молдова сияқты өзге де елдер Қазақстаннан үлгі алса екен. Қазақтар осы мемлекеттің иесі бола тұрып, тұтастық пен татулықты қамтамасыз етуде.  Бұл үлкен қайырымдылық деп айтуға болады. Қазақтарды мен бауырымдай көрем. Егер наурыздың алғашқы күнінде біреуге алғыс айту керек болса, мен марқұм Өзбекәлі Жәнбеков пен Тоқан Самарқановқа алғыс айтар едім. Ондай мәдениет жанашырлары некенсаяқ.  Қазақ ұлты дегенде менің есіме ең әуелі осы екі адам келеді.  Жалпы қазақтардан көрген жақсылығым аз емес. Рахмет сіздерге!» - дейді мәдениет саласының ардагері. Бүгінде ол құрметті еңбек демалысында. 
null 

Еске салсақ, Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Жәнібеков «Шертер», «Адырна», «Алтынай», т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. «Наурыз» мейрамының, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Ш.Құдайбердіұлы есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға мұрындық болған.

Айта кетейік, 1 наурыз Елбасы Жарлығымен Алғыс айту күні деп жарияланған.

Соңғы жаңалықтар