Өзбек жолбарыстары Астанаға келе жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 5 маусым күні елордада ҚР Президенті кубогы үшін бокстан халықаралық турнир ашылады. Байрақты бәсеке еуропалық құрлықтық чемпионаттың өтетін мерзімімен сай келгендіктен негізгі тартыс Азия боксшыларының арасында өтпек. Бұл жайында ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Азияның бокстан ұлттық федерациялары Астана төрінде шаршы алаңға шығатын өз командаларын жария етуде. Мәселен, Өзбекстан Бокс федерациясы қыздар боксының Олимпиада ойындарына кірген үш салмақ санаты бойынша спортшыларының тізімін ұсынды. Аталған тізімге сәйкес 52 келіде Тұрсынай Рахимова, 60 келіде Едгора Мирзаева, 75 келіде Нафиса Асқарова өзбек елінің намысын қорғамақ.

Ал ерлер құрамындағы 10 боксшының 7-еуі  Uzbek Tigers клубының сапында өнер көрсетеді. Олардың қатарында Надир Мирзахмедов (49 келі), 2015 жылы Галлада өткен турнирдің чемпионы Аброр Кадыров (52), WSB сериясында отандасымыз Ілияс Сүлейменовпен жұдырық түйістірген Абдулхай Шарахматов (56), Улугбек Комилов (64), 2014 жылы Азияның қола медалін жеңіп алған Фазлиддин Мелибоев (69), Исламиада-2017 ширек финалында қазақстандық Тұрсынбай Құлахметке есе жіберген Махмуд Гаипов (75) және 2009 жылғы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Мирзобек Хасанов бар. Мұнан бөлек, ҚР Президенті кубогында Өзбекстан атынан 2014 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері Сулаймон Латипов (60), Козим Марданов (81)  және Рустам Исмаилов (91+) сынға түседі.

Бүгінде бұл байрақты бәсекеге Қырғызстан, Тәжікстан, Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей, Филиппин, Украина, Моңғолия және Иранның боксшылары қатысатындығы белгілі. Ал Қазақстан атынан боксшыларымыз бірнеше құрамада жарыс жолына шығады. ҚР Президенті кубогы үшін өтетін тартысы кездесудер 5 маусым күні «Дәулет» спорт кешенінде басталады. Финалдық кездесулер 10 маусымға жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар