Өзбек боксшысы Данияр Елеусіновті басып озды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) 2016 жылдың үздік боксшысын анықтады. Дауыс беру науқаны ұйымның "Твиттер" желісіндегі ресми парақшасында жүргізілді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас кезінде Рио Олимпиадасында 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанған қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов оқ бойы озық тұрған. Алайда бертін келе, жеңіл салмақтағы Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, өзбек боксшысы Хасанбой Дусматов оның алдын орап, 77 пайызбен бірінші орынға шықты. Осылайша, Х.Дусматов жылдың үздік боксшысы атанып отыр. Д.Елеусінов болса, дауыстың 18 пайызынан аса алмады. Ал кубалық Робейси Рамирес 5 пайыз дауыспен үшінші орынға тұрақтады. Ол 56 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанған болатын.

Айта кетейік, Рио Олмпиадасы кезінде Х.Дусматовтың салмағында Біржан Жақыпов өнер көрсеткен еді. Ширек финалда ол өзбек боксшысынан 0:3 есебімен ұтылды.

Соңғы жаңалықтар