Оюмен ойын өрнектеген Үкіжан апа

None
None
  КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жасы 75-тен асқан көкшетаулық апа Үкіжан Ементаева он саусағынан өнер тамған қөлөнердің хас шебері. Ине мен жіпті жанына серік еткен апаның киіз бен матаға қиып жасаған кестелі бұйымдары еріксіз көздің жауын алып, таңдай қақтырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қолөнермен айналыса білу де биік талғампаздық пен талантты талап ететін дегдар өнер екендігін баса айтқымыз келеді. Кесте тігіп, ою ойып, қазақтың қолөнерін дамытып жүрген қолы епсекті шебер жанның кестелі бұйымдарын көрген біз осындай ойға қалдық. Алайда, қазақ халқы ежелден әр ісіне байыппен, сабырмен қарап, кез-келген шаруаны ақылмен істеген. Тіпті, ұлттық ою-өрнектің астарына үңілсеңіз оймақтай ой жататыны тарихи шындық. Аңыз болса да оған мына мысал айын дәлел.

Баяғыда бір бойжеткен қыз елінен ұзатылғаннан кейін, өз жұртына кешірім ретінде құспен жаңа бүршік атып келе жатқан гүл бейнеленген кестелеген орамал беріп жіберіпті. Мұны көрген қыздың ата-анасы: «Шүкір тәуба, қызымыз әуедегі құстай емін-еркін жайраңдап өмір сүріп жатыр екен», - деп қуанады. Арада бірер жыл өткен соң ата-анасы қыздарынан тағы бір бет орамал алады. Бұл жолы орамал алдыңғыдай емес, шеті бүрмеленіп, ортасында тұрған ер адам мен жүресінен отырған әйелдің бейнесі кестеленіпті. Мұны көрген ата-анасы: «Е-е қызымыз бұрынғы сауық сайраннан, бас бостандығынан айырылып, торға түскен торғайдай болыпты, бейшараның күйеуі қатал адам көрінеді. Өзінен төмен ұстайды екен» деп жорамалдаған екен.
null 

Шынында да, әр кестенің өзінде алуан түрлі мағына бар екенін осыдан-ақ ұғынуға болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, салт-дәстүрді берік ұстанған қолып епсекті, жаны ізгілікке құмар Үкіжан апаны оюмен ойын жеткізе білетін жандардың бірі деуге болады. Туған жерінің тылсым табиғатымен сырласып, сайын даланың тау-тасын, қырат-дөңесін жатқа біліп өскен, сол бейнені шынайы таза қалпында жүрегінде сақтай білген Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тумасы Үкіжан апаның қай туындысын алып қарасақ та, үлкен философиялық мән жатыр. Мәселен, «Шимай» деп аталатын ою-өрнегіндегі қызыл мен көк түстер, тынымсыз уақыт пен толассыз тіршілікті бейнелейді. Қазақ халқы ежелден дөңгелек тәрізді пішінге аса мән берген. Мәселен, киіз үйі де, шаңырағы да, дастарханы да шеңбер тәріздес. Яғни, бір-бірімен өзара байланысқан, үндескен, жалғаса жүретін ғұмыр ма дерсің.
null 

«Анама хат», «Ұзатылған қыз», «Алтын адам...» тәрізді қолөнер туындыларының атауында да біраз сыр жатыр. Бір сөзбен айтқанда, шебердің әр туындысында өзіндік қолтаңбасы бар. Тақырып өзегі де өмірдің нақ өзі.
null 

Алайда, Үкіжан апай қолөнерші болуды армандамапты. Жастайынан қарандаш пен қағазды жанына серік еткен. Тіпті, жұмысынан шаршап келгенінде сурет салып, бойына күш қуаты алатынын айтады. «Бұл өнердің киесі» дейді шебер. Зейнетке шыққанында ұлы ермек қылсын деп майлы бояу мен кенеп сатып әперіпті. Бертін келе апа кесте тіге бастайды. Саусағынан бал тамған шебердің қолынан шығатын дүниелерді жасайды.
null 

Үкіжан әжей өзі бұл өнерді анасынан дарығанын айтады. «Қылышынан қан тамған кеңестік дәуірде ұлттық өнерге өріс болмады. Алайда, анам қазақтың дәстүрін берік ұстанған адам еді. Үстіне оюлы қамзолын киіп, басына ақ шәйі орамалын тағып жүретін. Тоқсанға келгенше қолынан ине-жібі түспеді. Қыз бала міндетті түрде іс тіге білуі керек. Бүгінде заман күн сайын жаңарып алға озуда. Не ішемін, не киемін дейтін заман емес. Десек те, балаңа қолғап тоқып берсең, иә болмаса, қызыңа арнап көйлек пішіп берген қандай ғанибет! Ақшаны ысырап ете бермей, кілемше тоқып, қалған қиқым матадан құрақ көрпе тігіп ала алсаң қандай жақсы», - дейді шебер.

Расында да, қазіргі таңда қазақтың қолөнері үлкен сұранысқа ие кәсіптердің бірі. Қошқар, сыңар мүйіз, қазтабан, құс қанаты тағы басқа ою өрнек түрлері айшықталған әдемі көрпешелерге халықтың сұранысы жыл өткен сайын артып келеді. Наурыз мейрамы сияқты ұлттық мерекелер мен түрлі көрмелерді Үкіжан апаның қолынан шыққан бұйымдарсыз елестету мүмікін емес. Осы күні төрт бала, сегіз немере тәрбиелеп отырған Үкіжан апа қолөнерді табыстың көзі емес, атадан қалған мұра деп санайды. Келешекте немерелерінің бірі әжесінің сүйікті ісін жалғастыратын болса таң қалмаймыз.

null 

Соңғы жаңалықтар