Өткенімізді танымай, жаңғыру іске аспайды - Сумро Манзур Хусейн

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Ғылым қорының президенті Сумро Манзур Хусейн Астанада Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумында түркі өркениетінің жаңғыруы мәдени, тарихи аспектісіз орын алуы мүмкін емес екендігін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Оның сөзінше, «Ұлы дала» форумы түркі дүниесінің, түркі халықтарының мәдени, рухани жақындасуына ықпал етеді.

«Бұл форум түркі халықтарының ықпалдастығын нығайтып, тарихи және мәдени аспектілер бойынша нақты ұсыныстарды бірлесе отырып жасақтауға мүмкіндік беретін үлкен платформа. Осындай жиындар ғалымдарымыздың әріптестік орнатуына, бірге отырып, қазіргі заманда орын алып жатқан оқиғаларды талқылауға жол ашады», - деп атап көрсетті ол өз баяндамасында.

Сонымен қатар, Сумро Манзур Хусейн мырза ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан қоғамын, экономикасын, мәдениетін жаңғырту бастамасы барша түркі жұртына да үлгі бола алатынын атап өтті.

«Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев мырза, Қазақстан Республикасының Президенті мәдени мұра мен құндылықтарға негізделген болашақты құруға күш-қуатын салып келе жатқандығын атап өткім келеді. Оның «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасында ұлттың негізгі, фундаменталды дамуы саяси және экономикалық жаңғыруға басымдық беруі қажет деген сөзі өте дұрыс бағыт. Жаңғыру процесі мәдениет пен ұлттық біртектіліктің дамуынсыз жүре алмайды. Мен Президенттің сөздерін толық құптаймын да, қолдаймын да. Өткенімізді, өркениетімізді танымай, жаңғыру бос сөз болып қалады. Жаңғыру туралы сөз қозғағанда осыны көңілге қондыруымыз керек. Жаһандану заманында біз өткен тарихымызды танымай, әлемнен шеттетіліп, бүркеншік жауып жата алмаймыз. Сондықтан әрқайсымыз жаһандық әлемде бәсекеге қабілетті болуымыз үшін барлық өркениеттер бірлесе, ортақтаса дамуы қажет», - деді қор басшысы.

Осы тұста, оның пікірінше, аталмыш мақсатқа қол жеткізу жолында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшелігіне қабылдануы үлкен қолғабыс болмақ.

«Сонымен Қазақстан елі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып тағайындалуымен құттықтаймын. Бұл оқиға біздің аймақ үшін аса маңызды. Сол себепті біздер - ғалымдар БҰҰ-ның 2030 жылға арналған жаһандық даму міндеттерімен жіті танысып шығуымыз керек. Оның ішінде аймақтық даму әлеуетін дамыту мәселелеріне көңіл аудару шарт», - деп түйді ойын Сумро Манзур Хусейн.

Айта кетейік, бүгін, 26 мамырда Астанада Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырған «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумы өз жұмысын бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына арналған форумның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ECO Science Foundation, Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ, ТүркПА сынды халықаралық ұйым басшылары мен өкілдері қатысты.

АҚШ, Венгрия, Германия, Қытай, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей мен түркі мемлекеттерінен келген 200-ге жуық ғалым-зерттеушілер мен сарапшылар 6 панельді отырыста мазмұнды баяндамалар жасап, Елбасы мақаласында көтерілген міндеттер мен тақырыптар төңірегінде пайымды пікірлерін ортаға салды.

Соңғы жаңалықтар