Өткен жылы елімізде 400 мыңдай сәби дүниеге келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы елімізде 400 мыңдай сәби дүниеге келді. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы межеден арта түскенін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын жаңа 2016 жылмен құттықтауында 2015 жылы елімізде 400 мыңдай сәбидің дүниеге келгенін атап өтті. Елбасы барлық қазақстандық отбасыларды Болашағы Біртұтас Елдің осынау жаңа ұрпағының өмірге келуімен құттықтады. «Солар үшін және өсіп келе жатқан мыңдаған қазақстандықтар үшін біз жаңа мектептер мен балабақшалар, тұрғын үйлер мен ауруханалар, жолдар мен кәсіпорындар, стадиондар мен концерт залдарын салдық. Барлық қазақстандықтың бақыты үшін біз бірлігімізді әрқашанда сақтайтын боламыз!» - дей келіп, Мемлекет басшысы елдің барша тұрғынына бейбітшілік, келісім және біздің туған Отанымыздың өркендеуі жолындағы жасампаз еңбектері үшін алғысын білдірді.

Елдің дамуы, экономикалық-әлеуметтік жағдайдың жақсаруы әрбір жас отбасында да бала санының өсуіне тікелей әсер ететіні анық. Елімізде бала туу саны жыл сайын арта түсуде.

Атап айтар болсақ, 2010 жылы Қазақстанда 366 мың сәби өмірге келсе, 2012 жылы ел азаматтарының отбасында дүниеге келгендердің саны 381 мыңға жетті. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2014 жылы елімізде 368 мың сәби дүниеге келіпті.

2016 жылы елімізде дүниеге келетін балалардың саны өткен жылғы межеден де асып түсуі ықтимал. Тәуелсіз мемлекетіміздегі оң өзгерістер, жастардың кешелекке деген сенімінің нығаюы, жас отбасылардың жағдайының жақсара түсуі бала санының өсуіне ықпал етеді деуге негіз бар.

Тіпті сарапшылардың дерегіне сүйенсек, Қазақстанда тәулігіне 800-ге жуық (766) бала дүниеге келеді екен. Ендеше, 2016 жылдың еншісінде 366 күннің бар екенін де ескергеніміз жөн.

Бейбіт өмірді қалайтын Қазақстанның барша халқы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы жемісті де жеңісті болатына сенеді.

Соңғы жаңалықтар