Отбасы мәселелері бойынша біртұтас меморган құру қажет - Зағипа Балиева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстанда отбасы, балалар және жасөспірімдер мәселелері жөніндегі біртұтас мемлекеттік орган құру қажет. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева  айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекетте отбасы, балалар мен жасөспірімдер мәселелерін кешенді қарайтын біртұтас мемлекеттік орган немесе министрлік не агенттік болуы тиіс», - деді Зағипа Балиева.

Осы ретте ол бүгінде қоғамда бар бірқатар проблеманы атады.

«Күн сайын балалардың өз-өзіне қол жұмсауын, зорлыққа ұшырауын, ит талауын, суға батып кетуін, зорлық-зомбылық жасайтынын көріп отырмыз. Кез келген әкімде, шенеунікте, Үкіметте бірінші кезекте балаларға қамқорлық мәселесі тұруы қажет. Қазіргі уақытта отбасы проблемасымен айналысатын Отбасы істері және гендерлік теңдік жөніндегі комиссиядан басқа бірде-бір мемлекеттік орган жоқ», - деді ол.

Оның пайымынша, Бала құқығын қорғау комитеті Білім және ғылым министрлігінің қарамағында болмауы қажет.

«Мен бірнеше мәрте жазып, комитет тәуелсіз мемлекеттік орган болуы тиіс деп мәселе көтердім. ҚР Білім және ғылым министрлігі біздің балаларымызға білім қызметін дербес көрсететін мемлекеттік орган болып саналады. Мүдделер қақтығысы анық көрініп тұр. Білім беру процесіндегі проблема шаш-етектен. Денсаулық, сколиоз, көру қабілетінен айырылу, дұрыс тамақтанбау, ауыр сөмке, дұрыс емес мектеп құрал-жабдықтары. Балалар құқығын қорғау комитеті бұл жайында айтуы тиіс. Бірақ, бұл жайында ашық айта алмайды. Себебі министрге бағынышты», - деді Зағипа Балиева.

Соңғы жаңалықтар