Отбасы құндылықтары әрдайым біздің байлығымыз - Елбасы құттықтауы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының финалдық кезеңіне өткен үміткерлердің қатысуымен салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік,  ұлттық конкурс Қазақстан Президенті бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Шара барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Баршаңызды «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының өз мәресіне жетуімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасы қай заманда да дені сау қоғамның және мықты мемлекеттің негізі болып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда қазақстандық тату отбасында патриотизм, еңбексүйгіштік, жаңа қоғам құру құндылықтарымен тәрбиеленген тұтас буын өсіп келеді. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздары - әртүрлі мамандықтардың, еңбек әулеттерінің өкілдері. Бүгінде аға буынның толымды тәжірибесін күш-қуатқа және жаңа идеяларға толы жас мамандар қабылдауда. Олар білімге құштар, бәсекеге қабілетті, жаңа әлем мен инновацияларға ашық үшінші жаңғыруды жүзеге асырушылар»,- делінген Елбасының құттықтау сөзінде.

«Қазақстанның болашағы өзара сыйластық пен татулыққа ұйығанын, жақындарына жанашырлық жасаумен бірге, өзгелерге көмегін аямайтын, әркім өзінің сүйікті ісімен айналысатын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан бірлік пен келісім құндылықтары сақталған отбасыларында деп сеніммен айта аламын. Еліміздің тірегі болған осындай құндылықтар, әрдайым біздің байлығымыз болып қала бермек. Баршаңызға зор денсаулық, амандық, бейбітшілік пен өсіп өркендеу тілеймін. Шаңырақтарыңызға шаттық, жайлылылық пен молшылық болсын», - деп жеткізді өз тілеген Н. Назарбаев.

Конкурс қоғамдағы ізгілік пен адамгершілікті, неке және отбасы институттарын нығайтуға бағытталған. Ол биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Осы жылы байқауға 2879 отбасы қатысты, яғни 2016 жылмен салыстырғанда, олардың саны 11,6% өсті (2016 жылы 2579 отбасы қатысқан). Бұл ретте қатысушылардың 36,2%-ы (1041 отбасы) - көпбалалы отбасылар (2016 жылы 1065 болған). Биылғы іріктеудің нәтижесінде  финалдық кезеңге қатысатын 16 үміткер бекітілді. 

Соңғы жаңалықтар