«Отардағы» жауынгерлік парадқа 3 мыңнан астам сарбаз қатысады
«Әскери парадқа қатысушылардың басым бөлігін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері қамтып отыр. Жалпы бұл атаулы шараға үш мыңнан астам сарбаз, 300-ден астам қарулану әрі әскери техникасы, 30-ға жуық авиация техникасы қатысады», - деп атап өтілген хабарламада.
Аталған парадқа қатысу кең ауқымды оқу-жаттығуды өткізумен тең. Бөлімшелер тәжірибелік жаттығу кезінде өзара іс-қимылды егжей-тегжейлі пысықталуы тиіс. Ал офицерлер парад кезеңдерін жоспарлау мен бөлімшелерді басқару барысында әскери өнерді жоғары деңгейде көрсетуі қажет.
Қазақстан тарихында алғашқы жауынгерлік парад 5 жыл бұрын, яғни 2013 жылы Отан қорғаушылар күнінде ұйымдастырылды. Жауынгерлік парад Қарулы Күштердің негізгі қарулануының мүмкіндіктерін көрсетуге арналған.
Әскери парадпен айырмашылығына тоқталсақ, жауынгерлік парад кезінде әскери техника тәжірибе жүзінде пайдаланылады. Полигонда құрлық әскерлерінің түрлі қаруларынан оқ атылады, ал ұшақтар мен тікұшақтар әуеде өздерінің толық мүмкіндіктерін көрсетеді.
Сонымен қатар, жеке құрам өздерінің кәсіби деңгейін толықтай паш етіп, жауынгерлердің тәжірибе жүзіндегі дағдыларын тамашалауға мүмкіндік жасалады.