Отандық тауарлардың санын арттыра аламыз ба

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарлар мен қызметтердің еркін саудасына жол ашылғаннан кейін бәсекелестік күшейе түсті. Сөз жоқ, отандық өнім өндірушілер үшін ондай бәсекелестікке төтеп беру оңайға соқпады. Оны дүкен сөрелерінде тұрған тауарлардан да анық байқауға болады. Шетелдік өнімдердің үлесі әлі де басым. Дегенмен, қазіргі кезде кәсіпкерлікті дамыту саласындағы мемлекеттік шаралардың арқасында бәсекеге қабілетті кәсіпті ашуға мүмкіндік бар. Алайда қай салаға басымдық берген дұрыс? Қытайлық тауарларға төтеп бере аламыз ба? Отандық тауарларды шығарамыз деп, жан-жаққа шашыла бермей, нақты бір салаға ден қойған жөн бе? Алдағы уақытта бизнестің қай түріне басымдық беріледі? ҚазАқпарат тілшісі осы мәселелердің төңірегінде ой қозғап көрді.

Ашығын айту керек, бүгінде посткеңестік елдердің экономикалары бір-біріне қатты ұқсайды. Себебі кеңестер кезінде біркелкі жүйе болды. Қазақстан шығарған өнімдерді Ресей де, Беларусь те өндірді. Қазір де солай. Қазақтардың бидайы, еті мен сүті көрші елдерде де бар. Содан Еуразиялық экономикалық одақ ашылғаннан кейін бәріміз бір-біріне ұқсас салаларда бәсекеге түстік. Ал Еуропа одағында олай емес. Ол жақта әрбір мемлекет нақты бір салаға бейімделген. Соның арқасында өзара тауар алмасып, экономикаларды дөңгелетіп отыруға мүмкіндік бар. Әрине, бізге ондай үлгіде жұмыс жасау үшін экономиканың құрылымын түбегейлі өзгерту керек. Оған уақыт та, ресурс та тапшы. Сол себепті қолда барын жаратып, іске асырған абзал. Әлбетте, жаңа өндірістерді ашуды да ұмытпау қажет-ақ. Дегенмен, дәл қазір кәсіпкерлер нақты бір салаға ден қою қажет деп санайды. Мәселен, қой шаруашылығын дамытсақ, жеңіл өнеркәсібіне қажетті шикізатты ғана емес, етті де көптеп өндіре аламыз. Қытайдың өзі қой етін көптеп алуға мүдделі.  

«Негізі, бізге ауыл шаруашылығын, соның ішінде тамақ өнеркәсібін барынша дамытқан тиімді. Себебі Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлері 200 млн гектардан асады. Осы мүмкіндікті жан-жақты пайдалану қажет. Ауыл шаруашылығы тауарларына да жоғары сұраныс болады. Біз көрші Қытайға жиі барып тұрамыз. Мәселен, биыл олар қой еті бойынша бізге 160 мың тоннаға тапсырыс беріп отыр. Екіжақты келісімшарттарды қазір-ақ рәсімдеуге әзір. Өкінішке қарай, әзірше біз ондай тапсырысты орындай алмаймыз», - дейді «Атамекен» ҰКП басқарма басшысының орынбасары Нұржан Әлтаев Астанада өткен «Ұлы Дала елі» отандық тауар өндірушілерінің III форумында.

Ал тері илеу кәсібінің шебері Әділхан Қадірбаев дәл осы қой шаруашылығын жан-жақты дамыту қажет дейді. Себебі ол - ата кәсібіміз. Одан шыққан шикізаттың арқасында отандық жеңіл өнеркәсібін көтеруге болады. «Қазіргі кезде жеңіл өнеркәсіпке мемлекеттік қолдау ауадай қажет. Әсіресе, қойдың жүні мен терісін өңдеу мәселесі назардан тыс қалып отыр. Адамдар ол байлықтың бәрін далаға лақтырып жатыр. Жүн де, тері де шіріп жатыр. Ал оны алғысы келетін адам көп. Мысалы, Ресейден келіп, сатып аламын деушілер баршылық. Негізі, жүн мен тері - қазақтың қанына сіңген кәсіп. Оған басымдық беру керек. Бүгінде Австралия экономикасының қозғаушы күші - осы қой шаруашылығы. Олар жүнді де, теріні де, етті де кәдеге жаратып, әлем бойынша бірінші орынға шығып отыр. Біз ондай дәрежеге неге ұмтылмаймыз? Соның барлығы қолымыздан келеді ғой», - дейді Қадірбаев мырза. Оның айтуынша, көрші елдер, тіпті Түркияның өзі Қазақстаннан қойдың жүнін тасып жүр. Артынан оны өңдеп, өзімізге дайын өнім ретінде сатып жатады.

Ал таза былғарыға қазақстандық аяқ-киім өндірушілері зәру. Соған қарамастан, қазірдің өзінде олар қытайлармен де бәсекеге түсе бастады. Аспанасты елінде жасалатын аяқ киімнің негізгі кемшіліктерін де жақсы біледі. «Қытайлар аяқ киімді былғарыдан емес, «спилоктан» жасайды. Негізі, теріні илегеннен кейін оны қалыңдығына қарай бірнеше қабаттап кеседі. Сонда үстіңгі қабаты ең сапалы шикізат болып шығады. Одан төменгі қабаттар «спилок» деп аталады. Оның сапасы нашар. Қытайлар соны өңдегеннен кейін таза былғары болып көрінеді. Ондай шикізаттан жасалған аяқ киімнің үстіңгі қабаты аз уақыттан кейін желіне бастайды. Себебі оған химиялық материалдарды қосады», - дейді кәсіпкер Бауыржан Ізболатов. Дегенмен, отандық кәсіпкерлер қытайлармен бәсекеге түсіп, өз тауарларын барынша арзан бағамен сатады. Мәселен, қытайлар «спилоктан» жасалған аяқ киімдерді 4-5 мыңнан әкелсе, отандық кәсіпкерлер де өз өнімдерін осы бағамен жеткізуге тырысады. Былғарыны Ресей мен Түркиядан тасиды екен. Демек, өзіміз сапалы әрі арзан былғары шығаратын болсақ, аяқ киім жағынан қытайлардан да озып кетуіміз бек мүмкін.

Отандық тауарларды көптеп шығаруға тосқауыл болып отырған тағы бір мәселе - кейбір пысықайлардың әрекеті. Олар дәл осы әрекетімен бюджет ақшасын жымқырып қана қоймай, қазақстандық кәсіпорындарды табыстан да айырып отыр. «Атамекен» төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан осы мәселеге қатысты арыз-шағымдар көптеп түседі. Себебі «отандық кәсіпорын» атын жамылған ондай кәсіпорындар импорттық тауарға «Қазақстанда жасалған» дегенді жабыстырып қояды да, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысып жүреді. Сөйтіп, қыруар пайдаға кенеліп, отандық тауар өндірушілерді сан соқтырып кетеді. «Дәл осы мәселе шешілуге жақын. Қазіргі кезде Парламентте бір заң жобасы жатыр. Онда «индустриалдық куәлік» деген норма бар. Шыны керек, аталған бастамаға қарсы шыққандар да жоқ емес. Енді, біздің талқылауларымыз сәл кейінге шегерілді. Себебі депутаттар демалысқа шықты. Қыркүйек айынан бастап талқылау жұмыстарын тағы бастаймыз. Меніңше, жылдың аяғына дейін «индустриалдық куәлік» деген норма заң жүзінде қабылданады», - дейді Әлтаев. Бұл дегеніміз, отандық кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Әлбетте, оған дайын болу қажет.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры болса, келесі жылдан бастап электронды сауда-саттық, экожүйелер сияқты цифрлық экономиканың жаңа салаларын қаржыландыруды көздейді. Сосын микробизнесті дамытуға ден қоймақшы. Ал ұлттық экономика министрлігі сауда орталықтарын жаңартып, осы санаттағы жаңа нысандарды көптеп салуға қолдау жасайды. «2021 жылға дейін жалпы ауданы 112 мың шаршы метр болатын супермаркеттер мен гипермаркеттер салынады. Бұдан бөлек, «дискаунтер» деп аталатын жаңа форматтағы сауда орталықтарының құрылысына қолдау жасаймыз. Ондай нысандардың жалпы ауданы 41 мың шаршы метр болады. Сондай-ақ аутлет-моллдарды көптеп салу жоспары бар. Осындай сауда орталықтарының құрылысына атсалысатын кәсіпкерлерге сан алуан жеңілдіктер жасау жоспарланып отыр», - дейді департамент директоры Қайрат Ертуғанов. Оған да отандық кәсіпкерлердың дайын болғаны ләзім. Себебі қазірден бастап әрекет жасамаса, жаңадан салынатын дискаунтерлер мен аутлет-моллдарды да шетелдік тауарлар жаулап алады.  

Соңғы жаңалықтар