Осы аптадағы жаңа кадрлық тағайындаулар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Мұнан бөлек, Қазақсанның бас мүфтиі сайланды. ҚазАқпарат апта ішінде болған өзге де тағайындауларға дәстүрлі шолуын жасайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти лауазымына Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы сайланды. Ол 1975 жылы  12 сәуірде дүниеге келген. Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тамамдаған. Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған. Исламабадтағы Әлемдік университетте білім көтерген. Алматы мешітінің  наиб имамы, Ислам институтының ұстазы, Ислам институтының  ректоры, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти, Алматы әкімшілігі діни бөлімінің сектор меңгерушісі, ОҚО Сарыағаш ауданының Бас имамы, Мемлекеттік қызмет агенттігінің аға қызметкері, Астана қаласы Әділет департаменті діни істер бөлімінің бас маманы, ҚР Президенті іс басқармасының Әкімшілік ғимараттар дирекциясының директоры болып жұмыс істеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысының өкіл имамы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы және наиб мүфти қызметін атқарды.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен Еркін Оңғарбаев ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Еркін Әнуарұлы 1961 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қарағандыдағы КСРО Дін істері министрлігінің жоғарғы мектебін бітірді. 2007 жылдан 2010 жылға дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне төрағалық етті. Сондай-ақ, «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ атқарушы директоры, «Астана» университетінің ректоры, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры қызметтерін атқарды. 2017 жылдың шілде айынан бастап ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері жөніндегі комитеті төрағасының міндетін уақытша атқарып келді. Заң ғылымдарының докторы, «Құрмет» ордені мен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері.

Атырау облысы әкімінің  орынбасары болып Нұрсəуле Сайлауова тағайындалды. Оның педагогика саласында екі жоғары білімі бар, «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасының стипендиаты. Педагогика ғылымдарының докторы, «Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының» академигі. Еңбек жолын 1997 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде аспирант болып бастаған. 2002-2008 жылдары Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінде түрлі лауазымдар атқарды. 2008-2012 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің педагогика, психология жəне өнер факультетінің деканы, 2012-2013 жылдары жастар орталығының директоры,  2013-2014 жылдары мектепке дейінгі жəне бастауыш білім беру кафедрасының доценті болды. 2014-2015 жылдары Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы, 2015 жылдан күні бүгінге дейін Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Осы облыстың арнайы мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры  да тағайындалды. Бұл қызметке Асқат Хабиболлаұлы Касимов келді. 35 жастағы А.Касимов осы тағайындауға дейін облыс прокурорының аға көмекшісі қызметін атқарып келген.

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Серік Аманғалиев тағайындалды. Ол 1960 жылы 6 желтоқсанда Гурьев облысы Махамбет ауданының Махамбет ауылында дүниеге келген. 1983 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын  бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы орта мектептің тарих пәні мұғалімінен бастап, директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, кейін мектеп директоры болып қызмет атқарды. 1995-2007 жылдары Атырау облысында Махамбет аудандық және қалалық білім бөлімінің бастығы, кейін облыстық білім департаментінің директоры қызметінде болды. 2008-2011 жылдары Атырау облысының Құрманғазы ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2011 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып істеді. 

Сондай-ақ, осы облыстың Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Талғатбек Бапиев тағайындалды. Ол 1969 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауылында дүниеге келген. Семейдің мемлекеттік медицина институтын, Қазақ Ұлттық аграрлық университетін бітірген. 1997-2010 жылдар аралағында Алматы қаласында  дәрігер, ғылыми қызметкер, гемодиализ бөлімшесінің  меңгерушісі қызметтерін атқарған.  2010 жылдан бастап Алматы қаласындағы «Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» кәсіпорнының бас дәрігері болды.

Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына 52 жасар Аян Әбдікәрімов сайланды. Ол 2011 жылдың 14 қыркүйегінен бастап осы уақытқа дейін Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі қызметін атқарып келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының қаржы басқармасының басшысы лауазымына Абдрахман Батырбекұлы Тасыбаев тағайындалды. Абдрахман Батырбекұлы 1977 жылы 4 мамырда туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша инженер-экономист. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының  бас маманы болып бастаған. 2002-2011 жылдары ОҚО қаржы және коммуналдық меншік департаментінің бөлім бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының  бас инспекторы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқарма бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты  тексеру  комиссиясының  бөлім  меңгерушісі лауазымында еңбек еткен.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің бұйрығымен Нәбидолла Кикебаев Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры болып тағайындалды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нәбидолла Кикебаев мұнымен қоса Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры қызметін атқарады. Ғалым «Мұғалжар» жылқы тұқымының авторы ретінде танымал. Ол 1956 жылғы 10 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келді. Алматы зоотехникалық, мал дәрігерлік институтын 1979-жылы бітіріп, аспирантураға жолдама алды. Студент кезінде «Генетический код», «Полиморфизм трансферрина и гемоглобина в крови животных» деген тақырыптарға зерттеулер жүргізді. Нәбидолла Ақанұлы қазақ ғалымдарынан қазақ жылқысын зерттеген диссертациясын алғашқы болып Бүкілодақтық жылқы институтында (Рязань қаласында) үздік қорғады.

ҚР Сыртқы істер министрінің бұйрығымен ҚР Санкт-Петербургтегі Бас консулы болып Болат Бариұлы Иманбаев тағайындалды. ол М.Ломоносов атындағы ММУ-ді бітірген.1992 жылдан Қазақстан СІМ жүйесінде еңбек етеді. ҚР СІМ Астана қаласындағы Консулдық пунктінің басшысы, Ақмола облысы бойынша Сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің төрағасы болды. ҚР-дың Литвадағы, Германиядағы елшіліктерінде еңбек етті, ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, ҚР СІМ Халықаралық экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық департаментінің директоры, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып істеді.

Соңғы жаңалықтар