ӨСКЕН ӨҢІР: Жаңғыру жолындағы ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА, ел газеті «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық газеттерімен бірлесіп «Өскен өңір» айдарымен облыстардың тыныс-тіршілігіне шолуды бастағанынан оқырман хабардар. Бұған дейін осы айдармен Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстары туралы, ол өңірлердегі атқарылып жатқан жұмыстарға, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, сонымен қатар, тұтастай аймақтың ахуалына шолу жасап, мақалалар топтамасын ұсынған болатынбыз. Ендігі кезекте Шығыс Қазақстан облысына арнайы шолуды ұсынбақпыз. Бұл жолғы шолу негізінен өңірдің рухани жаңғыру бағытындағы жұмыстарға арналмақ.

Айта кетерлігі, жақында Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірде Қоғамдық сананы жаңғыртудың бес жылдық бағдарламасы әзірленгенін атап өткен еді. Облыс басшысы рухани жаңғыруға негізделген бағдарламаның облыстағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретініне ерекше тоқталды. Облыс басшысының айтуынша, бес жылдың ішінде бұл бағдарлама айтырлықтай қомақты қаржыдан құралады, алайда оның барлығы өзін ақтайды. Себебі бұл құжат алда тұрған негізгі міндеттерді шешетін болады. Сондықтан өңірдегі үш университет осы маңызды процеске жұмылдырылып отыр. Яғни, Шығыс Қазақстан облысы алдағы уақытта рухани һәм экономикалық жаңғырудың нақты қадамына бет бұрмақ. Бұдан бөлек, Берелдегі соңғы ғылыми жаңалықтарды ескерсек, онда өңірдің өнеркәсібі қана емес, рухани жаңғыруы да алдағы уақытта жаңа деңгейден көрінетінін болжауға болады.  Ендеше, бәрін ретімен баяндасақ.

Кенді Алтайдағы киелі орындар картасы
null 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған елді, туған жерді тануға айрықша назар аударылып, еліміздегі киелі жерлердің картасын әзірлеу жөнінде тапсырма берілген еді. Алып Абайды, шалқар Шәкәрімді, мұхит Мұхтарды дүниеге әкелген Шығыс топырағында қасиетті мекендер аз емес. Қазіргі уақытта болашақта «Қазақстанның киелі орындар картасына» енетін Шығыс Қазақстанның өзінің киелі орындар картасы түзіліп жатыр. Әзірге бұл тізімге облыс аумағындағы 8 тарихи орын еніпті. Олар: Зайсан ауданындағы Шілікті жазығы, Катонқарағайдағы Берел қорымы, Ұлан ауданындағы «Аблайкит» ғибадатханасы, Мұзтау шыңы, Күршім ауданындағы Қиын Керіш, Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі, Тарбағатайдағы Ырғызбай Досханаұлы кесенесі мен Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі.

Жақында Шығыс Қазақстан облысына «Сакралды Қазақстан» ғылыми орталығының басшысы, тарихшы Берік Әбдіғали арнайы келіп, өңірдегі ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, аймақтың киелі орындар картасы тізіміне енгізілетін жерлердің жайын бірлесе талқылаған болатын. Берік Әбдіғалидың айтуынша, республикалық сарапшы комиссия Шығыс Қазақстандағы 8 нысанды таңдап алған. Осы нысандар келешекте әзірленетін «Қазақстанның киелі орындары картасының» тізіміне енуі мүмкін.

Брендке айнала бастаған Берел
null 

Қазіргі уақытта өңірде жоғарыдағы тізімге енген әйгілі Берел жазығы мен Шілікті қорғандарында қазба жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Жақында түркінің төрі, алаштың атажұрты болған Төр Алтайдағы әйгілі Патшалар жазығындағы №5 қорымнан құнды жәдігерлер табылған еді. «Қазба жұмыстарының нәтижесі мені таңғалдырды. Мүрденің жанынан екі атпен бірге қанжардың табылуы оның тегін адам болмағанын көрсетеді. Бұл әйел жай ғана ақсүйек емес, жауынгер болуы да ғажап емес. Жәдігерлер екі маңызды дүниені аңғартады. Біріншіден, Зейнолла Самашев айтып жүрген «Дала Амазонкалары» жайындағы идеология расқа айналуы мүмкін. Яғни, бабаларымыз біздің заманымызға дейінгі 2-3 ғасырларда-ақ әйелдерді ерлермен тең санаған. Дала демократиясының артықшылығы осында. Екіншіден, табылған алтындар қағаздай жұқа етіп өңделген. Сол заманда осындай нәзік зергерлік бұйымның болуы біздің бабаларымыз өз заманының озық технологиясына ие болғанын айғақтайды. Соны әлемге паш етіп, дәлелдеу үшін көне металлургиялық ошақтардың орнын қазу қажет», - деген еді жуықта осы жерге арнайы барған аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Айта кетерлігі, қорымның жәдігерлері туралы қорытынды ақпарат 8-10 қыркүйек күндері Өскеменде өтетін халықаралық конференцияда толық баяндалмақ. Облыс әкімінің айтуынша, Берел жазығында №2 қорғандағыдан 10 есе үлкен кешен салынады. Ал №5 қорғанның жәдігерлері осы күйінде консервіленеді. Ол үшін шетелден арнайы мамандар шақыртылып, қасына мүрденің жаңғыртылған көшірмесі қойылады. Сол арқылы келушілер оның қойылғанда қандай болғанын, бізге қандай күйде жеткенін көре алады. Кешеннің бір бөлігінде конференция залы, шағын зертхана сияқты аса қажетті бөлмелер жабдықталады.

Қараталдағы қазба жұмыстары
null 

Қазіргі уақытта тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен Зайсан ауданы аумағындағы Қаратал және Айнабұлақ қорымдары да зерттеліп жатыр екен. Ғалымның шәкірті, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғылыми қызметкері Мәмбет Шағырбаевтың айтуынша, биылғы қазба жұмыстары маусымның 26-сында Шіліктіден басталыпты. «Бірінші бағытымыз Шіліктідегі былтырғы зерттелген №16 обаны толық сканерлеп, кейбір жерлеріне шурфтық зерттеу салу болатын. Шамамен он күндей сол жерде жұмыс істедік. Өздеріңіз білесіздер, ол жерден былтыр алтын жәдігерлер шыққан. Екінші бағытымыз - осы Зайсан өңіріндегі Айнабұлақ және Қаратал қорымдарын зерттеп, паспорт жүргізу. Бұл паспорт жүргізу жұмысы шілденің 5-де басталды. Айнабұлақ қорымында бұрын тізімге енгізілмеген, ғылымда белгісіз сақ және орта сақ кезеңіне тиесілі 300-ден астам оба, кейінгі қазақтардың 20-ға жуық қонысын, содан кейін апатты жағдайдағы тозып бара жатқан ескерткіштерді тізімдеп, құжат жасадық. Сонымен қатар, Айнабұлақтың өзінде төрт обаны зерттедік. Сол төрт обаны зерттеуге бір айдай уақыт жұмсадық. Содан кейін Қаратал қорымын зерттеуді бастадық. Бұл жерді бізге дейін жергілікті халық Жеті оба деп атап кеткен екен. Бәлкім, алыстан қарағанда, обалардың жетеуі ғана анық көрінетін болғандықтан да, солай атаған болар. Ал зерттеу барысында ол жерде жеті емес, он алты обаның бары анықталды. Оның оншақтысы ірі, қалғандары ұсақ обалар. Бұлардың мерзімдерін орта сақ кезеңі деп отырмыз», - дейді Мәмбет Шағырбаев.

Қараталдағы қазба жұмыстары аяқталған соң экспедициялық топ Сауыр, Маңырақтың бойымен археологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді де жоспарлап отырған көрінеді.

Ырғызбай кешеніне қаржы бөлінеді
null 

Шығыс өңірінің киелі жерлер картасына еніп отырған тағы бір нысан - Ырғызбай әулие зиярат орталығы. Аталған кешен Тарбағатайдың теріскейіндегі кең жазықта жатқан Күмісті жайлауында орын тепкен.

Ел аузында «Ырғызбай әулие» атанған баба 1787 жылы дүниеге келіп, 1850 жылы 63 жасында қайтыс болған. Қайтыс боларының алдында «Мені осы құба белге жерлеңдер, зиратымды көтермеңдер, ұрпақтарым көтереді» деп өсиет қалдырған екен.

Құнанбайды ауыр дерттен жазып алған атақты тәуіп туралы халық жадында жатталған жақсы лебіз, тылсымға толы әңгіме мол. Ырғызбай - өзі молда, өзі тәуіп һәм әулие кісі болған. Дала зертханасында дәрілерін сайлап, алдын ала өзіне келе жатқан адамды, жанына батқан ауруы мен оның емін біліп отырған. Тарбағатай тауларында өсетін алтынтамыр, ермен, жалбыз, бірсалар іспетті елу түрлі шөптен дәрілер жасаған. Қытай емшілерімен байланыста болып, тәжірибе алмасқан. Бір ерекшелігі, ем-домына ақы алмаған. Аурухана жоқ, ешкім ота жасамайтын заманда адамдарға көп шипасы тиген. Өзі өсиет етіп қалдырғанындай, әулие 1920 жылдары Шыныбай есімді ақсақалдың түсіне кіреді. «Ей, Шыныбай, менің басымда қозы-лақ ойнап жүр, зиратымды көтер, саған Алла тағала береді» дейді. Шыныбайдың сол кезде малын барымталап кетіп, Тапберді бастауында қиналып жүрген кезі екен. Ол қара сиырының күшімен сүйреткімен тас тасып, әулиенің жатқан жерінің алғашқы сандықшасын қойыпты. Содан кейін тұрмысы түзелген Шыныбайдың ұрпақтары бүгін де бақуатты тұрады. Ал әулиенің мазарын Жымырайдың Омарбегі, Әбекбайдың Ахметі, Баяхмет Садықов және Оразай, Мұқатан, Тайпақ есімді Кіндікті ауылының ақсақалдары мен ұрпақтары 1956 жылы көтерген. Он жыл өткен соң мазардың жанында зиярат етуге келушілер қонатын тас үй салыныпты. Жәнтікей ауылындағы Ырғызбай ата мешітінің имамы Алтынбек Қожахметұлының айтуынша, адамдар әулиенің басына 1903 жылдан бастап келе бастаған.

Соңғы жылдары Ырғызбай ата кесенесі Баянауылдың қызыл гранитінен қайта өріліп, кешен аумағында жалғыз мазар ғана емес, кітапхана, мұражай, қонақ үй орын тепті. Бүгінде Ырғызбай ата кешеніне балалар үйінің тәрбиеленушілері жиі келеді. 2004 жылдан бастап балалар үйімен тығыз жұмыс істей бастаған кешен жетім балаларды қамқорлығына алды. Жаңа Шүлбі мен Көкпекті балалар үйінен 10 бала Ырғызбай әулие кешенінің патронаттық тәрбиесіне көшті.

Айта кету керек, кесене шырақшысы Болат Тағабай республика жұртшылығына өзінің өте бай коллекциясымен, мыңдаған асық жинап қана қоймай, алып асықтардың жобасын жасап жүрген ұлтжанды ерік-жігерімен де танымал. Кесенеге келушілер әулие басына түнеумен шектелмей, кең даланың саф ауасымен тыныстаумен бірге, бай мұражай мен кітапханадан үлкен рухани ләззат алып қайтады.

Соңғы жаңалықтар