Өскеменнің жаңа ауданында 114 тұрғын үй салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед «Өңірлерді дамыту-2020», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылу барысымен және Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясындағы өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысу үшін Шығыс Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Өскемен қаласында кезекте тұрған азаматтар үшін салынып жатқан тұрғын үйдің құрылыс сапасын тексеріп, «Даму» қоры арқылы қаржыландырылған «Силумин-Восток» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті. Сондай-ақ, партияның облыстық активімен кездесіп, Елбасы айқындап берген басым бағыттарды жүзеге асырудың жолдарын талқылады.
null

Жалпы Өскемен қаласындағы 19-шағын ауданда 2021 жылға дейін 144 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде жалпы ауданы 876 мың шаршы метрді құрайтын 14327 пәтер халық игілігіне берілмек. Облыс орталығында мұндай ауқымдағы құрылыс жұмыстарын жүргізуге Елбасының бастамасымен қолға алынған жаңа мемлекеттік бағдарламаның арқасында мүмкіндік туып отыр. Аталған тұрғын үйлерге коммуникация жүргізу үшін тек «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірге 9 млрд. теңгеден астам қаржыт бөлінген.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен бірге аталған үйлердің құрылыс жұмыстарымен арнайы танысты. Болашақта бұл ауданда Өскемен қаласының сол жағалауының орталығын құру көзделуде. Қазірдің өзінде мұнда тұрғын үйлерден бөлек, облыстық сот, прокуратура, қан орталығы, 1000 орындық орта мектеп, балабақша және дзюдо орталығының ғимараттары пайдалануға берілген.

Сондай-ақ, Өскемен қалалық әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Құдияровтың айтуынша, келешекте бұл ауданда әкімдік ғимаратын, спорт кешенін, кинотеатр, студенттер қалашығын, қазақ драма театрын және қазіргі заманғы сауда орталығын салу жоспарланып отыр.
null

 «Елбасының «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша Шығыс Қазақстан облысына бүгіннің өзінде 150 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазір біз тұрған жерде 144 тұрғын үй салынып, мыңдаған адам пәтерге ие болады. Мұндай кең көлемдегі тұрғын үй құрылысы Өскеменде ешқашан болған емес. Осының бәрі Елбасымыздың Шығыс Қазақстан халқына жасаған ерекше қамқорлығының арқасы», - деп атап өтті  Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Соңғы жеті айда Шығыс Қазақстан облысында өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 845 млрд. теңгеден асты. Үшінші жаңғыру бағдарламасы аясында қарқынды жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қатарында «Силумин-Восток» ЖШС да бар. Бұл жерде сорғыш қондырғылары, құбыр желісіне арналған арматуралар және кез келген жұмысқа қолдануға болатын электротехникалық бұйымдар дайындалады. Таяуда аталған өнеркәсіп орны «Даму» қоры арқылы 213,5 млн. теңге көлемінде тиімді несие алған. Бұл қаржы жаңа қондырғылар сатып алуға жұмсалды. Мемлекет тарапынан жасалған осындай қолдаудың арқасында шығысқазақстандық кәсіпкерлер Орталық Азия мен Ресей нарығына шығуға мүмкіндік алып отыр. Ең бастысы, Өскеменде дайындалған технологиялық өнімдердің сапасы шетелдік бұйымдардан еш кем емес.

«Силумин-восток» зауытының іргесі 1996 жылы қаланған. Алғашында мұнда бар болғаны 11 адам жұмыс істесе, бүгінде кәсіпорын 240 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Қазіргі таңда мемлекет қолдауының арқасында зауытымыз қарқынды жұмыс істеп тұр. Түрлі инженерлік жұмыстармен айналысатын біздің зауыт үшін мұндай қолдаулар таптырмайтын мүмкіндік. Соның арқасында бүгінде жобалау кезеңінен бастап кез келген күрделі нысандарды салуға және ғимараттарды автоматтандыруға мүмкіндік алдық», - дейді «Силумин-восток» ЖШС-ның даму жөніндегі директоры Зоя Новолодская.

Сонымен қатар, сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары облыс орталығындағы этнографиялық кешенде Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті. Аталған кешенде елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің 17 үй-жайы орналасқан. Кездесуде негізінен Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тың бастамалар жайы сөз болды.

Ал «Нұр Отан» партиясының облыстық активімен кездесуінде Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық бастамасын әр шығысқазақстандыққа жеткізіп, түсіндірудің маңызы зор екеніне ерекше назар аударды. Соған орай нақты тапсырмалар беріп, осы жолда партияның әр қызметкері аянбай еңбек етуі керектігін айтты.

Соңғы жаңалықтар