Өскеменнің хоккейін күшейту үшін канадалық мамандар шақырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Канадалық мамандар енді қазақстандық хоккейдің ұстаханасы саналатын Өскемен хоккейінің дамуына атсалыспақ. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтың Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Шон Перри Стайлды қабылдауы барысында айтылды. Бұл туралы altaynews.kz  хабарлады.

Тараптар арасындағы негізгі әңгіме де екі елдің арасындағы спорт саласына, біздегі хоккей спортын әлемдік деңгейде дамытуға, өзара тәжірибе алмасуға қатысты өрбіді. Аймақ басшысы Даниал Ахметов мәртебелі мейманның шақыртуымызды қабыл алып, біздің өңірге келуге уақыт тапқаны үшін алғысын жеткізіп, екі елдің спорт саласында ортақ шаруа жетерлік екенін атады.

« Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы өткен маусымда айтарлықтар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, Ресей біріншілігінде топ жарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалмаймыз. Біз үшін қазір жас буын өкілдерін тәрбиелеп, шығару аса маңызды. Сол үшін бірінші кезекте балалар бапкерлерін дайындаймыз. Бұл кездесуді Астанадағы кездесудің жалғасы деуге де болады. Келешекте бір топты толығымен канадалық әдістеме арқылы дайындауға болады. Сіздердің мамандарыңыз осында келіп, шеберлік сыныптар өткізсе. Сондықтан, екі жақтың спорт саласының мамандары бірлесіп, Өскемендік хоккейді дамытуды қолға аламыз. Аймақта хоккейді дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар», - деді Даниал Ахметов.

Сонымен бірге облыс басшысы алда өңірдің бірнеше қалаларында хоккей алаңдары іске қосылатынын да ерекше атап өтті. Сондай-ақ, өңірлік футболды дамытуға да күш салынып жатқанын, бүгінде «Реал Мадридтің» еншілес компаниясынан шақыртылған испандық мамандар шығысқазақстандық жеткіншектерді тәрбиелеп жатқандығын жеткізді. «Қазақстанда Өскеменді хоккейдің қаласы, хоккейдің өңірі деп атайды екен. Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай. Алдымызға Қазақстандағы хоккейді дамытуды мақсат етіп қойып отырмыз. Осы мақсатта Астана қаласында кездесулер өткізіп, өскемендік хоккейдің болашағын талқыладық. Хоккейге әсіресе, көп балалы отбасылардың, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұялардың балаларын тарту ойымызда бар. Келесі жылы Шығыс Қазақстанға 2-3 канадалық маманды қысқа мерзімге шақыруға болады. Олар Канадалық хоккейдің әдіснамасымен бөліседі. Келесі кезекте Канадаға сіздердің жаттықтырушыларды жіберіп, тәжірибе алмасуға болады. Кеше хоккейден жастар құрамасының ойынын көрдік. Алған әсеріміз керемет», - деді Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Шон Перри Стайл.

Кездесуге қатысқан Канаданың аты аңызға айналған ардагер хоккейшісі, мемлекеттің бұрынғы Әлеуметтік даму министрі Кеннет Уэйн Драйден өз сөзінде өскемендік хоккейшілердің мүмкіндігін жоғары бағалап, екі ел арасында спорт саласындағы байланыстарды нығайта беру керектігін атады.

Соңғы жаңалықтар