Өскемендіктерді шулатқан қасқыр ма ит пе

None
None
Өскемен. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының Көкжал Барақ көшесін көк бөрі кезіп жүр деген ақпарат әлеуметтік желіде әжептәуір толқу туғызды. Бұл ақпараттың анық-қанығына жету үшін қалалық ветеринария бөлімінің мамандары шаһардың шеткі аумақтарына арнайы рейд жүргізбекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұрттың әңгімесіне сенсек, «қоқыс қопарған қасқырларды» ең бірінші осы маңдағы құрылысшылар байқапты. Кейін ата-аналардың «WatsApp» топтарын қасқырға ұқсас жануардың суреті қаптайды. Бұл ақпаратты белсенді «Фейсбук» қолданушылары әлеуметтік желілерге таратып, кейіннен бұл әкімдіктің араласуына түрткі болған.

«Жолдасым түні бойы таксилетіп, таңғы төрт кезінде үйге қайтқан кезінде бөктерден қасқырға ұқсас жануарларды көріпті. Қасында бөлтірігі болған екен. Көлігімен жақындап барыпты. Әлгілер не бой тасаламаған, не айбат та шекпеген. Телефонның қуаты таусылғандықтан суретке түсіре алмапты. Таңертең осы оқиғаны маған айтқанда құрылысшылардың әңгімесі бекер емес-ау деген ой келді. Сондықтан ата-аналар тобына күйеуімнің көргендерін жазғанмын. Ондағы ойым таңғы жетіден бастап балаларын мектепке жіберетін адамдарды сақтандыру еді. Қараңғы сейілмей тұрып балаларды қараусыз жіберуге болмайды. Қасқыр болмаған күннің өзінде қоқыс ақтарып күнелтетін қаңғыбас иттер көп бұл ауданда, - дейді Мөлдір Бақтиярқызы.
null 

Мөлдір әлеуметтік желіде тараған «қасқырдың» суретін ауылдағы туысқанына жіберген екен. Ол кісі суреттегі жануардың қасқыр емес екенін, қасқырдың артқы аяғы алдыңғысынан қысқа болатынын айтып, көңілін жайландырыпты. Елдің зәресін алған тағының қасына бөлтірік ертіп жүргеніне де сену қиын.

«Бөрісырғақ» амалының 17-23 ақпанға дөп келетінін, одан кейін құртқаның кемінде екі ай құрсақ көтеретінін ауылда өскен қазақтың бәрі біледі.

Суретте қоқыс ақтарып жүрген жануардың қасқыр емес екенін ветеринар мамандар да растап отыр. Оны жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің өкілдері «Достық» базарының маңайынан да көріп, суретке түсіріп алыпты. Ветеринарлар енді иттің иесі бар-жоғын анықтауы тиіс.

«Биыл қыс түз тағыларына да ауыр тиіп отыр. Қасқырлар қатты ашыққанда елді мекенді торуылдауы мүмкін. Ел шулап кеткен соң жұмыс тобын құрып, рейд жүргізгенбіз. Қасқыр көріпті деген тұрғындармен сөйлестік. Біздің көзімізге ешқандай қасқыр шалынбады. Осы жайтты түбегейлі анықтау үшін шеткі аумақтарды аралап шығамыз. Нақты мәлімет сол кезде белгілі болады, - дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Серік Күдебаев.

Әлеуметтік желі қолданушылардың арасында ашыққан қасқырларға тікұшақтан азық тастауды ұсынғандар да табылды. Айтпақшы, осы шудың арқасында №19 шағын ауданда қараусыз қаңғып жүрген иттердің мәселесіне жергілікті әкімдіктің назары ауды.

«Иесіз иттерді аулау кесте бойынша үздіксіз жүріп жатыр. Екі күн бұрын ғана осы №19 шағын ауданнан 20 ит ауладық. Бүгін де жауапты орган өкілдерінің басын қосып консилиум өткізбекпіз. Соның шешімімен қаланың шетіндегі көлік жететін аумақтың бәріне рейд жасаймыз, - дейді Серік Күдебаев.

Соңғы жаңалықтар