Өскемендіктер тәжік-ауған соғысының құрбандарын еске алды

None
None
 ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 7 сәуір - Қазақстан бойынша тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыста қаза болған қазақ әскерлерін еске алу күні. Өскеменде аталмыш күнге байланысты еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1995 жылы, дәл осы күні Пешевар шатқалындағы Пяндж өзенінің жағасында Қазақстаннан барған жетінші рота моджахедтердің шабуылына ұшырайды. Атыс салдарынан 17 сарбаз қаза тауып, ондаған адам жараланған. Адам шығыны болғанымен, тұтқиылдан басталған шабылуыдың беті қайтарылған болатын. Оққа ұшқан боздақтар арасында Шығыс Қазақстанның тумалары да бар.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының №5518 жауынгерлік бөлімі өткізген еске алу шарасы 1 минут үнсіздіктен басталды.

«6 жылдан астам уақыт бойы Қазақстаннан барған 24 батальон ТМД елдерінің шекарасын күзетіп, Тәжікстанның тәуелсіздігін сақтауға көмектескен болатын. 1993-1999 жылдар аралығында 2 мыңнан астам әскер мен офицер бітімгерлік мақсатпен тәжік-ауған шекарасының бойында борышын өтеді. Боздақтардың ерлігі есімізде мәңгі қалады» - деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әмриев.

Еске алу шарасында аталмыш майдан алаңында болған Ермек Сатылғанов, Дінислам Шәкіртов, Әміржан Шалабаевтарға құрмет көрсетілді.



«Арада ширек ғасырдан астам уақыт өткендіктен, құпия болған көп жайттың беті ашылып жатыр. Сол материалдардан біздің сарбаздар Вьетнам, Камбоджа, Чехословакия, Венгрия, Сирия елдерінде әскери әрекеттерге қатысқанын біліп жатырмыз. Сол әскери қызметкерлер бүгін ел алдына шығып, құрметке бөленуі керек. 4 жыл бойы өзіме сеніп тапсырылған жауынгерлердің басын қауіпке тікпей, үйлеріне аман оралуына атсалысқаным үшін қазір қуанам. Олардың ата-аналарының алдында арым таза екенін сезінудің өзі зор мақтаныш» - дейді өңірлік қолбасшылыққа қарасты ардагерлер кеңесінің төрағасы Айдар Оразбаев.

Соңғы жаңалықтар