Өскемендегі зауыт тантал мен титаннан имплант өндірмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты тантал мен титаннан имплант өндірмек. Бұл жобаға Астанадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бір жыл бұрын қолға алынған технологиялық жоба жаңа кезеңге шықты. Облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездескен Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Батпенов бұл істе ҮМЗ кәсіпорнымен серіктестік орнатуға дайын екенін жеткізді.

Бұған дейін таза құйма ретінде эскпортталып келген титан мен тантал келешекте медициналық бұйым ретінде экспортқа шығарылуы ықтимал. Жоба Үлбі металлургиялық зауытының базасында Дәулет Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдарының ғылыми сүйемелдеуімен жүзеге асуда. Ғалымдардың айтуынша, жыл сайын елімізге 27 млн доллардың импланты әкелінеді. Оның 80% титаннан жасалған. Осы сұранысты Өскеменнің титанымен толық қамтамасыз етуге болады.

«Елімізде тек буын бөлшектерін алмастыру үшін ғана жыл сайын 4 млрд теңгенің импланты сырттан алынады. Титан, тантал және ниобий металдарын пайдалана отырып адамның сүйегімен биологиялық сәйкестігі жоғары, аса серіппелі материал құюға болады. Бағасы шетелдік баламаларынан әлдеқайда арзан» - дейді ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов.

Өткен жылы тантал мен титаннан медициналық имплант жасайтын ғылыми-өндірістік база құрылып, соңғы үлгідегі 3D-принтер орнатылған. Ал алғашқы үлглерді сынақтан өткізіп, материал құрамын жетілдіретін зертхана кешені 70 пайызға дайын. Жаңа өндіріске жауапты мамандар шетелден оқытыла бастады.

Кездесу барысында Нұрлан Батпенов медициналық өндіріс пен металлургиялық өндірістің айырмашылығы жер мен көктей екенін ескертті.

«Травматология саласына қажет бұйымдардың барлығы дерлік сырттан алынады. Осы мәселені шешу үшін кезінде шетелдік зауыттарға өз филиалын ашуды ұсынғанбыз. Олар Орталық Азияның нарығына талдау жасай келе, зауыт салу тиімсіз деген шешім қабылдады. Біз бұл істе серіктестік орнатуға дайынбыз», - деді институт директоры.

Ол аталмыш істе дамыған елдердің тәжірибесін зерттеу маңызды екенін де атады.

«Тым болмағанда Польша, Түркия сияқты елдердің зауыттарына барып, медициналық өндірістің қыр-сырына қанығу артық болмас. Алмания, Швейцария сияқты елдермен тәжірибе алмассақ, тіптен жақсы. Швейцарияда әйгілі сағат шеберлерінің ұрпақтары осы саланы ұршықша иіріп отыр. Сондықтан олармен бәсекелес боламыз деуге әлі ерте. Алғашқы кезеңде шетелден әкелінетін омыртқааралық сақиналарды, бұрандалар мен буын бекіткіштерді отандық өніммен алмастыруға болады», - дейді институт директоры.

Ғалым өндіріс жолға қойылмас бұрын әр бұйымға технологиялық патент рәсімдеуге де мұқият болуы қажеттігін ескертті.

«Бізге кейде танымал брендтердің атын жамылған қытайлық өнімдер келіп жатады. Ондай кезде жеткізушілер кешірім сұрап, орнына сапалы бұйым жібереді. Осы жағына сақ болу қажет. Ең дұрысы өте білікті заңгерлік топ жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана өз өнімімізді сыртқы нарықта қорғай аламыз», - дейді профессор.

Медициналық импланттың бірнеше түрін жобалаған ғалым өскемендік әріптестеріне өзінің бірнеше патенттелген сызбасын ала келіпті.

Д.Ахметов жобаны үш бағытта жүзеге асыруды ұсынды. Бірінші кезекте иснтитут Қазақстанға қажет медициналық бұйымдардың тізімі мен олардың сапа стандарттарын ұсынуы керек. Ал жергілікті ғалымдар мен ҮМЗ мамандары сол тізім бойынша алғашқы үлгілер әзірлейді. Институт оларды тексеріп, техникалық сапасына баға беруі шарт.

«Бізге үлкен зауыт қажет емес. Шағын ғана өндіріс алаңы болса жетіп жатыр. Ең бірінші өзіміздің 18 сұранысымызды игеруіміз керек. Содан кейін ғана экспортқа бет бұрамыз. Әлемде өндірілетін танталдың 30 пайызын ҮМЗ шығарады. Сондықтан бұл жобаның әлеуеті зор», - деді Д.Ахметов.

Облыста бұдан бөлек магниттік-резонансты томографияға қажет жоғары өткізгішті сымдар өндіру жобасы да қолға алынған.

Соңғы жаңалықтар