Өскемендегі Карл Маркс даңғылына Қазыбек бидің аты берілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның 3 ауылы кеңестік атауынан арылып, Өскемендегі 20 атсыз көшеге атау берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды.

«№19 аудандағы Карл Маркс даңғылына Қазыбек бидің атын беру туралы ұсынысты алғаш облыстық соттың төрағасы мен ақсақалдар кеңесі берген болатын. Даңғылдың ұзындығы 3 шақырым, ені 100 метр. Бойында 41 көпқабатты үй тұр, 5 000-ға жуық тұрғыны бар. Бір жақ қапталында облыстық сот ғимараты орналасқан. Осындай даңғылға Тәуке ханның кеңесшісі болған, қара қылды қақ жарған Қазыбек бидің есімін беру ұсынысын тұрғындар да бірауыздан қолдады. Бұл әйгілі бидің 350 жылдық тойына үлкен тарту болмақ»  - дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Төлемісова.

Бұдан бөлек Өскеменнің 20 көшесі жаңа атауларға ие болды. Олар бүгінге дейін тек санмен белгіленіп келген болатын. Көшелерге Шұғыла, Ақниет, Рауан, Күнбатыс, Өрнек, Шуақты сияқты бейтарап атаулар таңдап алыныпты.

Сондай-ақ, Бородулиха ауданының Вознесеновка ауылы  Қызылтай болып, Пролетарка ауылы Ақши болып қайта аталды. Ал Ұлан ауданының 17 шақырым атты елді мекені Сарыөзек деген атауға ие болды.

«Бұл ұсыныстар республикалық ономастикалық комиссия отырыстарында да қолдау тапты. Енді әділет органында тіркеу ғана қалды. Бұған қоса Шемонаиха ауданының ауылдарындағы 10 көше қазақи атаулармен қайта аталып, Ұлан ауданының Жанұзақ ауылындағы 4 атсыз көшеге атау берілмек. Бородулиха ауданының бірнеше ауылында да көшелер кеңестік идеологиядан арылып, заман талабына сай ат алды. Оларды да әділет органдарына тіркеу керек» - дейді Роза Төлемісова.

Үржар ауданындағы Мирзоян көшесіне алаш арысы Отыншы Әлжановтың есімі берілсе, Семейдегі Ленин көшесін «Мәңгілік ел» деп атау ұсынылған. Бұл ұсыныс жергілікті деңгейде толық мақұлданып, республикалық ономастикалық комиссия қарауына жіберілмек. 

Соңғы жаңалықтар