Өскеменде Қытай стандарттарына сай сертификаттайтын зертхана ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскеменде биыл ауыл шаруашылық өнімдерін қытайлық стандарттарға сай сертификаттайтын зертхана ашылады. Бұл туралы облыс басшысы Даниал Ахметов әкімдіктің жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шығыс Қазақстан облысы Қытайға ауыл шаруашылық тауарларды экспорттауды былтыр қолға алды. Екіжақты келіссөздер нәтижесінде Қытай тарапы Шығыс Қазақстан аумағында зертхана ашуға қаржы бөлетін болған. Бұл зертхана жергілікті ауылшаруашылық өнімдерді қытайлық стандарттар бойынша сертификаттауы тиіс. Бастапқы кезеңде зертханада қытайлық мамандар жұмыс істеп, жергілікті қызметкерлерді қондырғылармен жұмыс істеуді үйрететін болады. Зертхана берген сертификатпен фермерлер өз өнімдерін Қытай нарығына емін-еркін өткізуге мүмкіндік алмақ.

«Екі жыл бойы Қытайға жасаған сапарлардың нәтижесінде көршілерміз бізге бір миллиард теңгенің қондырғыларын қайтарымсыз негізде беретін болды. Енді зертханаға лайық ғимарат тауып, қондырғыларды орнату керек. Соңғы 10 жылдың ішінде Қытай халқының тұтыну қабілеті еселеп өсті. Сондықтан біздің табиғи өнімдер ол жақта жақсы бағаға сатылады», - деді Д.Ахметов.

Қытайдың азық-түлік тауарларына қойлатын талаптары әлемдегі ең қатаң стандарт саналады. Тек ауыл шаруашылығына қатысты 600-ден астам стандарт бар. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстаннан бұл елге күнбағыс майы мен бал өнімдері ғана кедергісіз өтуде. Ал дақылдар мен ет-сүт өнімдерін өз бетімен сертификаттау фермерлер үшін мүмкін болмай тұр.

Соңғы жаңалықтар