Өскеменде қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының әкімдігі қоғамдық көліктерді бірыңғай электронды төлем жүйесіне көшірмекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығында қоғамдық көлік қатынасын үйлестіретін орталық құрылды. Бұл мекеме автобус тасымалдаушылары арасында конкурс жариялап, олардың жұмыс сапасын қадағалайтын болады. Қала ішіндегі автобустарға электронды төлем жүйесін енгізу де осы мекеменің міндеті болмақ.

«Біздің жүйенің Алматыдағы «Оңай» төлем картасынан өзгешеліктері бар. Алғашқы 1,5 жыл көлемінде қазір кондуктор болып жүрген адамдар «кеңес беруші» ретінде жұмыс істейтін болады. Олар автобус жолаушыларына төлем картасын қалай сұғып, ақша аудару керектігін үйретеді. Сондықтан, жаңа жүйе енгізілсе, 400 адам жұмыссыз қалады деген жалған ақпарат. Тіпті жұмыссыз қалғандарын басқа қызметтерге орналастыратын боламыз», - дейді Өскемен қаласының жолаушы тасымалын басқару орталығы директорының орынбасары Ернар Мұстафин.

Аталмыш жүйе биылғы жылдың соңын ала немесе келер жылдың басында қолданысқа енеді. Барлық автобусқа орнатылатын терминал бір орталықтан басқарылмақ. Осының арқасында әрбір көліктің күніне неше айналым жасағаны, қанша адам отырып, төлем жасағаны айқын болады. Төлем жасалғаннан кейін 3 секундтың ішінде банктегі шотқа ақша түсіп отырады.

«Бұл жобаға 1 млрд теңгеден астам қаржы керек. Өйткені барлық автобустарды терминалмен және бақылау камераларымен жабдықтау қажет. Сондай-ақ әр автобусқа «диспетчерлік жетек» бағдарламасы енгізіледі. Ол беларусьтық технологияға негізделген. Бұл өз кезегінде тұрғындардың шағымына дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Осы жетектің көмегімен қай автобустың қай жерде кетіп бара жатқанын көріп отырамыз. Көп дегенде 4-5 метрге ғана қателік кетуі мүмкін. Бұл бір жағынан тасымалдаушылардың салықты табысына сай төлеуіне жол ашады», - дейді Ернар Мұстафин.

Жобаны қолдаушылар электронды төлем жүйесі жол жүру ақысына әсер етпейтінін айтып отыр. Өйткені, оған бюджеттен қаржы қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар