Өскеменде кітап оқу жарысында 14 жастағы бала көш басында келе жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаз басталғалы Өскемен қаласындағы облыстық Пушкин кітапханасы «Оқу көшбасшысы. Жаз - 2017» жарысын бастаған болатын. Бүгінге дейін білімнің бірегей сайысына 1 350 оқырман атсалысқан, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Білім әлеміндегі білім іздеген ұлт» ұранымен ұйымдастырылған байқауға 6-17 жас аралығындағы балаларға қатысуға болады. Әр кітапты оқығанмен бірге, оны жеткілікті дәрежеде санаға сіңіру де - байқаудың басты шарттарының бірі. «Оқу көшбасшысы. Жаз - 2017» жарысының басты үйлестірушісі Олжас Кәрменовтың айтуынша, жарыс басталғалы кітапхананың балалар секторына келушілердің саны күрт көбейіп кеткен.

«Бұған дейін балалар кітапханаға дәл бұлай жиналып келмейтін. Бүгінгі күні 1 350 оқырман белссенділердің қатарында. Әсіресе, 8 бен 10 жас аралығындағы 230 бала күн сайын тұрақты түрде келіп жүр. Бірақ, 10-14 жас аралығындағы буында Никита Пустоваров есімді баланың кітапқа құштарлығы ерекше. Жаз басынан бері 86 кітапты оқып қойды. Мазмұнын да тамсандыра айтып береді», - дейді Олжас Кәрменов.

Балалар көбінесе ертегілер мен әңгімелерге, керек десеңіз романдарға да ден қояды екен. Фантастикалық және тарихи туындыға сұраныс жоғары. Қазіргі таңда робототехникаға көп қызығатындықтан, аталған тақырыптағы оқулықтар кітап сөрелерінде шаң басып жатпайтын көрінеді.

«Оқу көшбасшысы. Жаз - 2017» байқауының қорытындысы 2017 жылдың 27 қыркүйегінде шығады. Жарыстың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталмақ.

Соңғы жаңалықтар