Өскеменде Кировтың орнына Қасым Қайсеновтың мүсінін қою ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскеменнің зиялы қауымы Жастар саябағындағы Кировтың ескерткішін алып тастап, орнына Қасым Қайсеновтің мүсінін қоюды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл облыс жұртшылығы Халық қаһарманы Қасым Қайсенов 100 жылдығын тойламақ.

Облыс орталығында батырдың атында шағын көше бар. Оның бойынан жазушының кеуде мүсіні орын тепкен. Жарты әлемге аты жайылған партизан жазушының мүсіні жанармай құю стансасының қапталынан орын тепкеніне тұрғындар  талай рет наразылық білдіріп, жергілікті басылымдар бірнеше мәрте мәселе етіп көтерген де. Осы олқылықты Халық қаһарманының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қалыпқа келтірудің реті келіп тұр.

Аталмыш саябақты заман талабына сай абаттандыру қажеттігін облыстың әкімі Даниал Ахметов те айтқан болатын. Қаланы абаттандыруға қатысты өткен жиында ол парктің атын өзгертіп, ішіндегі совет заманын елестететін атрибуттардан арылу керектігін ескерткен. Қала əкімі Қуат Тұмабаевқа осы жөнінде нақты ұсыныс дайындау тапсырылды.

Металлургтер мәдениет сарайында Елбасын Жолдауын талдауға жиналған бір топ ақсақал мен жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері осы үндеуді көзбе-көз отырып  талқыға салды.

«Мен саябақтағы Кировтың ескерткішін арнайы барып көрдім. Тұғырының өзі үш метр екен. Тұғырын ғана қалдырып оған Қасым батырдың мүсінін қондыра салса болып тұр. Одан болып саябақтың сәні кірмесе кемімейді», - дейді  қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев.

Ұсынысты өзге ұлт өкілдері де құп көріп отыр.

«Әлеуметтік желіде осы мәселе көтерілген кезде студенттер арасында талқылап көрдік. Барлығы бірауыздан қолдап отыр. Тіпті ұлты өзге жастар да «Это же наш партизан» деп оң пікір білдіріп жатыр», - дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың жастар ісі комитетінің төрағасы Берік Кәдірұлы.

Өскеменде 706 көше бар. Соның 82-сі қазақша атау берілген. Тәуелсіздік алған 27 жылда 19 көшенің аты өзгерді.

Соңғы жаңалықтар