Өскеменде К. Маркс көшесі Қазыбек би атына ауыстырылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ШҚО сотының ұжымы мен Өскемен қаласындағы ЖМК ауданының тұрғындары Өскемендегі Карл Маркс көшесіне Қазыбек бидің есімін беру туралы өтініш түсірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Еңбек ұжымдары қазіргі таңда өздерінің ұсыныстарын беріп жатыр. Карл Маркс көшесіне қатысты Шығыс Қазақстан облыстық сотының ұжымы мен Жібек маталар кентінің тұрғындары Карл Маркс көшесінің атауын Қазыбек би көшесі деп өзгертуді ұсынды. Олар қалалық әкімдікке жазбаша түрде өтініш берді. Ал әкімдіктегі жұмыс тобы осы ұсынысты қарап, зерделеді», - дейді қалалық мәслихаттың депутаты Майраш Екібасова.

Көшелердің атауын өзгерту туралы тыңдау болатыны туралы алдын ала БАҚ арқылы қала тұрғындарына хабарланып, отырыс бүгін өткен.

«Тыңдау кезінде облыстық соттың бір судьясы, бір ақсақал, қалалық әкімдіктің бір өкілі мен депутаттар, қала тұрғындары сөз сөйледі. Депутаттардың бірінен «осы көшенің атын өзгерту сол даңғылдың бойында тұратын тұрғындардың қалтасын қақпай ма?» деген сұрақ қойды. Оған қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина жауап беріп, сол көшедегі 43 үйдің тақташасына 7 мың теңгеден кететінін айтты», - дейді Майраш Екібасова.

Оның айтуынша, тақташаға қатысты тиісті сома қалалық бюджеттен бөлінбек.

«Сөз сөйлегендердің бәрі және қалалық мәслихаттың депутаттары бір ауыздан қолдау білдірді. Бір ғана тұрғын қарсылығын айтты. Депутаттардың дауысымен бұл құжат енді республикалық комиссияға түсіп, шешім шығатын болады», - деп түйді ол. 

Айта кетсек, Карл Маркс көшесі Өскемен қаласының екі ірі әрі жаңа ауданы ЖМК мен 19-шағын ауданын бөліп тұрған басты даңғылдардың бірі болып табылады.  

Соңғы жаңалықтар