Өскеменде ертең кейбір жолаушылар автобусы жолға шықпайды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендік 3 тасымалдаушы компания бір күндік оңтайланған режімге көшетінін мәлімдеді. Ертең қала көшелерінде 14 маршрут бойынша автобустар сағат 9.00-16.00 аралығында жүрмеуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тасымалдаушы компания өкілдері мұндай қадамға шарасыздықтан барып отырғандарын айтады.

«Қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығы бойынша басталған дау прокуратура органының бастамасымен сотта қаралуы тиіс болатын. Қала прокурорының талабын сот органдары кері қайтарды. Соның салдарынан 4 компанияның мойнындағы салық қарызы бүгінде 5 млрд теңгеге жақындады. Осындай жағдайға қарамастан, тасымалдаушылар 2016 жылы бекітілген тариф бойынша қызмет көрсетіп жүр. Ол кезде бензин бағасы 115 теңге болса, қазір 160 теңгенің айналасында. Тасымалдаушы компаниялардың бұдан әрі шығынмен жұмыс істеуге жағдайы жоқ. Сондықтан күндізгі уақытта оңтайланған режімде жұмыс істейміз деп шешім қабылдады», - дейді ШҚО шағын және орта бизнес қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Галина Казанцева.

Мұндай шешімді «АТЦ БЭСТ», Вебас» және «Воска» ЖШС қолдап отыр. Салық қарызы ең қомақты саналатын «Рост» ЖШС бұл бастамадан қалыс қалыпты. Аталмыш 3 компанияның басшылары осы шешім туралы қала әкімдігіне бір апта бұрын ескерткендерін айтады.

«Сіздердің алдарыңызда ғана осы мәселе бойынша қала басшылығының алдында болдық. Олар наурыздың 26-сына дейін бұрынғы режім бойынша жұмыс істей тұруымызды өтінді. Бірақ ол уақытқа дейін қандай да бір көмек көрсететін түрі жоқ. Сондықтан ертең бірнеше бағыт бойынша автобустар сағат 9.00-16.00 аралығында жүрмейді» - дейді Галина Казанцева.

Оңтайланған режімге көшетін автобустардың тізімі төмендегідей: «1», «8», «8А», «19», «11», «25», «32», «12», «33», «39», «42», «361», «371», «68». 

«Аталған маршруттар таңертең 9.00-ге дейін, кешке тек 16.00-ден бастап қана жүреді. Келесі күні Ресей Президентінің сайлауы өтетіндіктен, барлық маршруттар қалыпты режімде жұмыс істейді. Оның ар жағында Наурыз мейрамы тұр. Егер, осы аралықта қала билігі ешқандай шара қолданбаса, 26-наурыздан бастап қайтадан оңтайланған режімге көшеміз. Ол кезде біздің автобустар үшін барлық жеңілдіктердің күші жойылады» - дейді «АТЦ БЭСТ» ЖШС өкілі Елена Рядинских.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкийдің айтуынша, бұл мәселемен қазіргі таңда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов айналысуда.

«Тасымалдаушы компаниялардың шарасыз әрекеті ұзаққа созылмайды деп үміттенеміз. Бәрі ресми уәкілдің шағымын сот орындары қабылдауына байланысты болып тұр» - дейді Игорь Шацкий.

Еске сала кетейік, қала әкімі Қуат Тұмабаев қоғамдық көлік қатынасына реформа жасауға ниетті екенін ел алдындағы есебі кезінде мәлімдеген болатын. Соның негізінде Өскеменде «электронды билет» жүйесі енгізілмек. 

Соңғы жаңалықтар