Өскеменде электр қуатымен жүретін автобустар қатынауы мүмкін

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменге электр қуатымен жүретін автобустар әкелінді. 30 күндік сынақтан сүрінбей өтсе, бұл автобустар қоғамдық көлік ретінде дизельмен жүретін автобустардың орнын ауыстыруы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сынақтан өтіп жатқан көлік әлі сатып алынбаған. Оның тағдыры 30 күннен кейін белгілі болмақ.

«Электробустар дизельді автобустардан әлдеқайда үнемді.  Олар бір күнде қала ішінде 250 шақырым жол басып өтеді. Дизельді автобустар бұл уақыттың ішінде 125 литр отын жағады. Ал  электробустар 189 кВт қуат жұмсайды. Ақшаға шаққанда, бұл 2,5 мың теңге» - дейді аталмыш компанияның өкілі Роман Миразимов. Оның айтуынша аталмыш көлікті қуаттау үшін 10 минут жетіп жатыр.  Осы уақыт ішінде жинаған қуатпен ол 70-100 шақырым жол жүретін көрінеді.

«Бұл көлік қолданыстағы автобустардан 6-8 есеге тиімді. Әзірге оны сатып алған жоқпыз. 30 күннің ішінде өзін қай қырынан көрсетеді, соған байланысты. Егер сынақ сәтті өтсе, біз электробустарды қоғамдық көлік қозғалысына тартқан төртінші қала атанамыз» - дейді қала әкімі Қуат Тұмабаев.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, автобусты ұсынып отырған компания қуаттау құралдарын да орнатып беруге міндет алып отыр.  Әзірге электробустың қай бағытқа шығарылатыны белгісіз.  

Соңғы жаңалықтар