Өскеменде бұзақылар мемлекеттік рәміздерді қиратып кетті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменнің «Қазақстан» шоқысындағы мемлекеттік рәміздерді бұзақылар қиратып кеткен. «Өскемен тәртіп» мекемесінің басшысы Тамара Рахымжанова Әнұран мәтіні жазылған тақтаны осымен екінші рет жаңалайтындарын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дабылды әлеуметтік желі қолданушылары қаққан болатын. Айқұш-ұйқыш шимай, сынған орындық, талқандалған тақтатас, шашылған қоқыс, бейәдеп суреттер символық шоқының ажарын кетіріп тұр. Бастапқыда бұл шоқының етегіне ішкі істер қызметінің бекеті орнатылған болатын. Елдің көзі үйренген соң ол бекет жұмысын тоқтатқан. Сақшылардың кетуі мұң екен, вандалдар белсенділін таныта бастаған.

«Қазір нысанның басында төрт адам жүр. Материалдар толық әкелінген соң сегіз адам жұмыс істейтін болады. Біздің міндет Әнұран тақтастын жаңалап, монументтің жел мүжіген тұстарын жөндеу. Соқпаққа төселген тақталар қопарыла бастапты. Оны да жөндейміз. 20 мамырға дейін уақыт берілді. Бірақ ауа райы жұмысқа қолбайлау болып тұр. Ал монументке бейнебақылау орнату сметада көрсетілмеген. Қалай болғанда да бұл нысанға тұрақты күзет қажет» - дейді «А Строй» ЖШС директоры Айжігіт Айжанов.

null      

Жөндеу жұмыстарына қаражат «Өскемен тәртіп» мекемесі арқылы бөлініп отыр. Мекеме директоры Тамара Рахымжанова Әнұран мәтіні жазылған тақтаны екінші жыл ауыстырып отырғандарын айтады.

null 

«Жел жағадан алғанда, вандалдар балаққа жармасып қоймай тұр. Былтыр ғана Әнұран тақтасын жаңалаған болатынбыз. Биыл тағы қиратып кеткен. Әзірге 2,8 млн теңгенің келісімшартын бекіттік. Қалған жұмыстарға қаржы бөлу мәселесін қалалық мәслихат шешеді. 4 шілдедегі Мемлекеттік рәміздер күніне дейін барлық олқылық жойылады, - дейді ол.

null null null null 

Соңғы жаңалықтар