Өскеменде ауаның ластану индексі 1,6 есеге артқан

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 2017 жылы Өскеменде 84 күн бойы жағымсыз метеожағдай қалыптасып, ауаның ластану индексі 1,6 есеге жоғарылаған. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған талдау мемлекеттік органдардың қоршаған ортаны қорғау жұмысының тиімсіздігін, жауапты ұйымдардың арасында өзара іс-қимылдардың жоқтығын, сондай-ақ, табиғат қорғау шаралары мен тексерулердің үстірт өткізілетінін көрсетті» - делінген құзырлы органның ресми сайтына жарияланған мәліметте.  

Облыста 600 ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді. Ауаның ең көп ластануы Өскемен қаласына тиесілі. Мұнда 2017 жылдың 84 күнінде  қолайсыз метеожағдай тіркеліпті. Атмосфераға 51,1 тонна лас түтін шығарылған. Негізгі көз - өндірістік және жылу-электр кәсіпорындары, автокөліктер пен қазандықтар.

«Статистика соңғы 5 жылда ауаға тасталатын лас түтіннің азайғанын көрсеткенімен, мониторинг атмосфера сапасының нашарлағанын дәлелдеп отыр. Мысалы, 2017 жылы ластану индексі 2016 жылмен салыстырғанда 1,6 есе артқан. Тіркелген өндірістік түтіннің 70 пайызы «Қазцинк» ЖШС мен «АЭС УК ТЭЦ» ЖШС-ның үлесіне келеді» - делінген ресми ақпаратта.  

Ал «Қазгидромет» мекемесі былтыр Өскемен бойынша ауа ластануының 435 қауіпті оқиғасын тіркеп, экология департаментіне хабарлаған. Алайда, департамент ластау көздерін анықтай алмаған. Сәйкесінше, ешбір тұлға жауапқа тартылмаған және экологиялық ахуалдың әрі қарай жақсаруына қандай да бір ықпал болмаған.

Қалыптасқан ахуалды түзеу үшін облыс прокуратурасы аталған салада тексеру жүргізіп, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыным жасамақ.  Оның қорытындысы шілде айының басында өтетін кезекті алқа мәжілісінде тыңдалатын болды.

Соңғы жаңалықтар