Өсімді мұнайдан емес, ауыл шаруашылығынан күткен абзал

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша Қазақстанның ортамерзімді перспективадағы экономикалық белсенділігі қалпына келе бастағанын көрсетеді. Ресми статистика мәліметтері бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-маусымында Қазақстанның ЖІӨ 4,2 процентке өскен. Әлбетте бұған бірінші кезекте әлемдік нарықтағы мұнай бағасының біршама тұрақтылығы да сеп болғанын жоққа шығара алмаспыз.

Дерек бойынша ағымдағы жылғы маусым айында мұнайдың барреліне баға 46,9 долларға дейін құлдырауына қарамастан, әлемдік нарықтағы баға жалпылама алғанда тұрақтылығын сақтап тұрды. Ағымдағы жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша, мұнай бағасы барреліне орташа алғанда 52,2 доллар деңгейінде қалыптасқан. Бұл 2016 жылдың 6 айымен салыстырғанда біршама жоғары. Яғни, Қазақстанның экономикалық белсенділігі былтырға қарағанда жоғарырақ болды дегенде осы мұнай нарығы назарға алынады. Осы ғана емес, жыл басынан бері барлық негізгі металдарға әлемдік бағаның өсуі де байқалады. Яғни, осындай сыртқы факторлар Қазақстан экономикасына жағымды әсер беріп, экономиканың ішкі даму параметрлері бірте-бірте тұрақтанып келе жатқандай сезілді. Халықаралық сарапшылар мұндай тенденция алдағы уақытта да сақталатынын болжаған. Ендеше елміздің экономикалық өсім көрсеткіші алдағы айларда да тұрақты болуы ықтимал.

Еліміздің даму деңгейін саралаған Дүниежүзілік банк сарапшылары да Қазақстанда ЖІӨ нақты өсімі 2017-2019 жылдары шамамен 3 процентті құрап, нәтижесінде кедейлік деңгейі 2019 жылға қарай шамамен 17 процентке төмендейтінін айтады. «Біздің болжамымыз бойынша Қазақстанда алдағы уақытта экономиканың мұнайға қатысты емес секторында қозғалыс жанданады. Осының арқасында инвесторлардың да «көңілі біртіндеп көтеріліп», тұтынушылар сенімі де жоғарылайды, бұл ішкі сұранысты қолдауға септігін тигізеді. Ұлттық валютаның құнсыздануы инфляциялық эффектке ұрынбаса, онда жұрттың табысы артып, халықтың сатып алу мүмкіндігі де жақсарады деп күтіледі. Әрине, мұның бәрі кедейлік деңгейін қысқартатыны анық, алайда бұл бұрнағы жылдардағыдай күшті қарқынға ие болмайтыны да белгілі», - дейді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Ато Браун.

Десе де, сарапшылар Қазақстандағы ортамерзімдегі өсімді айтқанда ең бірінші кезекте экономикаға мұнай өнімінің артуы әсер ететінін қарастырады. Мәселен, жаңадан іске қосылған Қашағанның мұнайы ескі мұнай кеніштеріндегі сарқыла бастаған «қара алтын» өнімінің орнын толтырады. Ал басқа секторлар ше? Ұлттық экономика өсімі мұнайға тәуелділіктен қашан арылады? Мұнайдың орнын басатын қай салаға басымдық берілген орынды?

Қазақстанда экономиканы диверсификациялау саясаты бұрыннан айтылып, шама келгенше атқарылып та жатыр. Десе де, соңғы уақытта экономика өсіміне оң септігін тигізетін сала ретінде екі бағыт айтылып жүр. Оның біріншісі - көліктік-логистикалық инфрақұрылым болса, екіншісі - ауыл шаруашылығы. Айта кетерлігі, бұл екі саланың бірлесе дамуы да мұнайдың орнын әлдеқайда баса түсетіні ақиқат. Мұны халықаралық сарапшылар да құптайды.

Мәселен, Дүниежүзілік банктің 2017 жылдың көктемгі шығарылымындағы Қазақстан экономикасына арналған баяндамасында ұлттық экономиканың сыртқы әсерлерге сезімталдығы ортамерзімдегі өсім үшін тәуекел тудыратын басты қатер екені айтылады. Сонымен қатар, әлемдік банк сарапшылары Қазақстанның қолға алған реформаларының маңыздылығын да атап өтеді. «Саяси қайта құрулар, соның ішінде елдегі билік тармақтарының бөлінісімен байланысты өзгерістерді қамтыған конституциялық реформалар мейлінше теңгерімді және орнықты өсімге бағытталған дамудың жаңа үлгісіне көшуді тежеуі мүмкін. Дегенмен, «100 нақты қадам» бағдарламасында қамтылған институционалдық және құрылымдық реформаларды тиімді жүзеге асыру мемлекеттік институттарды күшейтуге және адами капиталдың сапасын арттыру үшін аса маңызды болып табылады. Бұндай реформалардың табысты жүзеге асуы адамның өмір сүру сапасын жақсартып, кедейлік деңгейін қысқартуға, жалпы халықтың әл ауқатын көтеруге септігін тигізетін болады» делінген Дүниежүзілік банк баяндамасында.

Бұл ретте банк ауыл шаруашылығы секторының Қазақстан экономикасын диверсификациялау мен жаңа жұмыс орындарын құрудағы маңызды саласы болып табылатынын еске салады.

Тоқтала кететін жайт, «Жаңғырту 3.0» бағдарламасында да осы мәселеге көп мән берілген. Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын «экономиканың жаңа қозғалтқыш күші» деп те атап өткен болатын. Аграрлы Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы ауылдық жердегі жұртшылықтың табысын көтеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға көп мүмкіндік бар. Бұл бірінші кезекте саладағы өңдеу өнеркәсібін дамытуға қатысты.

«Ауыл шаруашылығы - Қазақстан экономикасын диверсификациялаудың маңызды секторы. Қазірдің өзінде көмірсутек шикізатына бағаның төмендеуі,  жалпы экономикадағы өсімнің тежелуі салдарынан ауыл шаруашылығы негізгі басымдықтардың біріне айналып келеді, бұл дұрыс бағыт», - дейді Дүниежүзілік банктың Тұрақты өкілі Ато Браун. Оның сөзіне қарағанда,  экономикалық өсімді ынталандыру және кедейлік деңгейін төмендету мақсатында ауыл шаруашылығы секторына қолайлы орта қалыптастыру сектордың әлеуетін ашудың қажетті шарты болып табылады. «Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулерге, инновация мен білім беруге баса назар аудару қажет. Қаржылық қолдаудың қолжетімділігі де аса маңызды мәселенің бірі», - дейді ол.

Сонымен қатар, банк сарапшылары Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі сұранысы жыл сайын артып келе жатқан дәстүрлі нарықтарға қызмет көрсетуге ыңғайлы географиялық аумақта орналасқанын атап өтеді. Тіпті Қытай, Үндістан мен Таяу Шығыс секілді жаңа әрі ауқымды нарықтарға шығуға да ешкім бөгет емес. Ендеше тиімді жүргізілсе қазақстандық аграрлық ресурстардың барлығы Қазақстанды жергілікті ғана емес шетелдік инвесторлар үшін де тартымды ете алады.

Айта кетерлігі, соңғы оншақты жыл бойы айтарлықтай мемлекеттік қолдаулар жасалғанына қарамастан ауыл шаруашылығы саласының ЖІӨ үлесі мандыған емес. Яғни, аграрлық сектордағы өндіріс пен өңдеу өнеркәсібі өздігінен экономикадағы ауыл шаруашылығы саласының үлесін айтарлықтай арттыра алмайтынын көрсетеді. Ендеше аграрлық сектор экономикалық өсімнің нақты қозғалтқышына айналуы үшін не керек, деген сауал туындайды.

Бұл үшін әлбетте ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту қарқынын арттыру қажет. Өйткені, қазіргі таңда ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің жартысына ғана жуықтайды. Бұл мәселе агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында назар аударылған.

 Соған сәйкес, Үкімет те күні кешегі отырысында бірқатар қадамдар жасады. Мәселен, қазіргі күні Қазақстан бойынша өнім өңдеу кәсіпорындарының нақты картасы әзірленген. Соның аясында мемлекеттік қолдауға ие болатын нысандар да анықталды. Осылайша, агроөнеркәсіп саласында импортты азайтып, отандық тауарлардың санын барынша арттыру жоспарланып отыр. Бұнымен қоса, Үкімет ауыл шаруашылығындағы өңдеу өнеркәсібін жаңғырту үшін импорттық үлесті ескере отырып, өнім өңдеудің нақты 9 бағытын анықтады. Атап айтқанда, сүт, ет, қант қызылшасы, картоп, майлы дақылдар, бидай, көкөніс, тері мен жүн өңдеу салалары бойынша жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау жасалатын болады.

Ескере кететін екінші маңызды мәселе бар. Бұл - «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасымен де байланысты. Дүниежүзілік банктің жариялаған баяндамасына сәйкес «Ауыл шаруашылығындағы қызметтер үшін қолайлы жағдайлар жасау, 2017 жыл» атты есепте Қазақстанның транспорттық тасымал және агробизнесті қаржыландыру бойынша деңгейі төмен. Бұл осы саладағы сектордың дамуына айтарлықтай кедергі деген сөз. Тоқ етері ауыл шаруашылығы саласындағы өсімді еселеу үшін өнімді өңдеу ісімен қатар, инфрақұрылымға да мән беруі аса маңызды екендігі айтылады.

Яғни аграрлық саладағы өнімділік республикалық деңгейден бастап жергілікті деңгейдегі жолдарға, коммуналдық қызметтерге, коммуникацияға мемлекеттік инвестицияға да тікелей тәуелді. Сарапшылар мынандай мысалды алға тартады: егер ауыл шаруашылығындағы өдірілген өнімді нарыққа жеткізгенге дейінгі кететін уақыт төрт сағаттан асатын болса, онда өнімділік айтарлықтай төмендейді. Ал Қазақстанда ше? Бақсақ жоғарыда келтірілген Дүниежүзілік банк рейтингі ауылда өндірілген өнім мен оның жолға кететін уақыттық шығынына қатысты негізделген екен. Республика ішінде ғана емес, инфрақұрылымның жақсаруы сыртқы нарықтарға шығуға да әсер етпек. Өйткені, экспорттық нарықтарға қызмет көрсететін шаруашылықтарға да теміржол мен порттық инфрақұрылымның жақсаруы аса тиімді. Ал ішкі нарыққа жұмыс істейтін шаруашылықтар үшін жақсы жолдар қажет. Бұндай бағыттағы инвестиция мемлекеттік-жекешелік әріптестік формасын алып, қоймаларға, дистрибуция инфрақұрылымына және өңдеуші салаға жекеменшік инвестицияларының өсімін ынталандыруы керек.

Түйіндей айтсақ, Қазақстан аграрлық секторды дамыту арқылы халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болуға ұмтылысты үдетуі тиіс. Бұл ретте Үкімет ауыл шаруашылығын өркендетуге барлық жағдай жасайтын ниет танытты. Ал оны тиімді пайдалану 2021 жылға таман азық-түлік экспортын 40 пайызға көбейтуге септігін тигізетін болады. Ұлт жоспарында белгіленген міндеттің бірі де осы болатын. 

Соңғы жаңалықтар