Орталық Азия тағамдары брендін қалыптастыру керек - Kazakh Tourism

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Kazakh Tourism компаниясы көршілес елдерге орталық Азия тағамдарын бір брендпен насихаттауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұсыныс бойынша Қазақстанның алғашқы серіктесі Өзбекстан болуы мүмкін.

«Өзбекстандық әріптестерімізге тағамдарымызды бір брендпен насихаттауды ұсынып отырмыз. Бүкіл әлемнің саяхатшылары қазақша етті, өзбекше палауды, ұйғырша лағман және өзге де Орталық Азия тағамдарын бір дастарханнан тата алатындай мүмкіндік жасауымыз керек. Мұндай мысалдар әлемде жетерлік. Мысалы, италиялық асхана, француз асханасы бар, сонымен бірге бәрін біріктіретін еуропалық асхана бар. Әзербайжан, грузин және армян тағамдары Кавказ асханасы ретінде танымал. Бізде де бауырлас елдердің асханасы толыққанды қалыптасты, оны Орталық Азия асханасы деп атауға әбден болады», - деп ұсыныс білдірді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев Астанада өткен Қазақстан-Өзбекстан туристік форумында.

Оның айтуынша, Орталық Азия елдері өз тағамдарын танымал туристік өнімге айналдыруы тиіс. Бұл үшін Қазақстан Орталық Азия тағамдарының фестивалін кезекпен өткізуді ұсынады.

«Бастамашы ел ретінде алғашқы тағамдар фестивалін Шымкентте өткізе аламыз. Өйткені, Шымкентте барлық ресурс бар және әлеуеті толыққанды жетеді», - дейді Р. Күзембаев.

Ұлттық компания келтірген деректерге сәйкес, соңғы бірнеше жылда гастрономиялық турларға сұраныс ұлғайды және әлемдік туризмнің 30 процентін құрап отыр. Туристердің 79 проценті жолға шықпас бұрын елдің тағамы мен тағамға қатысты шаралар күнтізбесін қарайды.



Фото: kazah.info

Соңғы жаңалықтар