Орталық Азия елдері Қазақстанның табысты саясатының нәтижесін көріп отыр - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия елдері Қазақстанның саясатын өте жоғары бағалап отыр. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) директорының орынбасары Санат Көшкімбаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Тәуелсіздік жылдарында Орталық Азияға қатысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұстанып келе жатқан интеграциялық стратегия уақыт сынағынан өтті. Яғни Өзбекстан мен Түрікменстан президенттерінің сапарлары бұл елдердің лидерлері Қазақстанның Орталық Азиядағы саясатын өте жоғары бағалайтындығын растап отыр. Осы орайда өңірдегі мемлекеттердің экономикалық әлеуетін, саяси тұғырнамаларын біріктіру бойынша ҚР Президентінің күш-жігеріне аса құрметпен қарайды. Атап айтқанда, өңірлік байланыстарды жандандыра түсуге айрықша мән беріліп отыр»,-деп тоқталды  саяси ғылымдарының докторы.

Осы орайда ол Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Ташкентке мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Ел-жұрт құрметі» орденімен марапаттауының маңызы зор екенін атап өтті.

«Елбасы марапатталған жоғары награда қазақстандық саясаттың ашық әрі айқын,  жүйелі екендігіне берілген бағалаудың бірі болып табылады. Себебі еліміз қарым-қатынастарда шектен тыс шығатындай қадамдарға жол берген емес. Атап өтер жайт, Орталық Азия елдері су, энергетика, шекара мәселесінде түрлі ұстанымдар бойынша тұралап қалған кезеңдерде Қазақстан шектен шығатындай ұстанымдардан тартынуға тырысты. Бұл тұрғыда еліміз  өзара келісімге негізделген күн тәртібіне назар аударып келді. Сол кездерде Президент Назарбаев өңір елдері бәрібір де аталған мәселелерде өзара келісімге келетінін дәйекті түрде айтқан болатын, себебі бұл қадамдар барша мемлекеттер үшін өзара тиімді болады»,-дейді Санат Көшкімбаев.

Ғалымның сөзіне қарағанда, нәтижесінде, Орталық Азия елдері бірлестіруші ұстанымға қарай өздерінің стратегиясын өзгертуде. Қазіргі кезде Орталық Азия елдерінің күн тәртібінде серіктестік пен ынтымақтастықты басты назарға алатын өзара іс-қимыл тұр. 

«Бұл ретте Елбасының Өзбекстанға сапары өте көрнекті әрі табысты болып отыр. Яғни Орталық Азияда кооперациялық, бірлестіруші күн тәртібін алға жылжыту тұрғысында сәтті өтті деп айтуға болады. Енді келесі сапар бірден Түрікменстанда жалғасын тапты. Бейтарап Түрікменстан өзінің өңірдегі көршілерімен сындарлы негізде бірлесіп алға жылжу ниетін танытуда»,-деп тоқталды ол.

Оның айтуынша, мемлекет басшылары өзара тиімді көліктік, коммуникациялық жобаларға, сондай-ақ темір жол мен басқа да салалардағы ынтымақтастыққа мән береді.

«Осы экономикалық аспектілер айтарлықтай жанданды. Бұл өз кезегінде Орталық Азияда Қазақстан саясаты, стратегиясы табыстылығының дәлелі деп толық сеніммен айтуға болады»,-деп түйіндеді сөзін Санат Көшкімбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай , 16 қыркүйекте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Ташкентке мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Ел-жұрт құрметі» орденімен марапаттады.

Осы сапар барысында Қазақтан мен Өзбекстан өзара тауар айналымын 5 млрд долларға жеткізуге уағдаласқаны белгілі болды .

Соңғы жаңалықтар